17 сәуір күні Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы аумағында, Каспий теңізі жағасынан 97 итбалық өлексесі табылған. Бұл мәліметті Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті таратты.
Теңіз жануарларының қырылуына не себеп болғанын анықтау үшін арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Өлекселер табылған жерге экологтар, ветеринарлық қызмет мамандары, полиция қызметкерлері және салалық ғылыми ұйымдар өкілдері барған.
Мамандар итбалық өлекселерінен сынама алып, зерттеуге кірісіп кеткен. Ол жұмыстар атқарылғаннан кейін, белгіленген тәртіп бойынша, итбалық өлекселері жойылуға жатады деп хабарлады комитет өкілдері.
Гидробиология және экология институтының мәліметінше, итбалықтар бір айдан астам уақыт бұрын қырылған болуы мүмкін, теңізде тұрған қатты жел оларды жағаға енді шығарып тастаған деген болжам бар.