Accessibility links

Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: полиция "жалған ақпарат таратқан" 4 адам жауапқа тартылғанын айтты

ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Д.С. және Г.С. есімді екі адам Facebook-та әскери қызметкер А.А. туралы ақпарат жариялаған.

Полицияның хабарлауынша, олар жазбада “әскери қызметкер жолдасын құтқарып, өз күшімен жағаға шыққанын” және “оның ерлігі мен құтқарылу жағдайы әдейі жасырылып” отырғанын жазған. Жауапкерлер ақпаратты туыстары мен желіден алғанын айтқан.

“Аталған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және қорғаныс министрлігі ресми түрде жоққа шығарды” деп жазылған полиция хабарламасында.

Полицияның хабарлауынша, бұған қоса, Шымкент және Көкшетау тұрғындары да әкімшілік жауапқа тартылған. Полицияның жазуынша, Шымкент тұрғыны "тағы бір әскери қызметкердің қаза болғаны, оның туыстарына қысым көрсетіліп, ақша талап еткен" деген жалған ақпарат таратқан. Көкшетау тұрғыны да соған ұқсас жазба жариялаған. Төрт адамның әрқайсысына 20 АЕК (86 500 теңге немесе қазіргі доллар бағамы бойынша $197) көлемінде айыппұл салынды.

  • 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери-оқу жаттығу кезінде катерден жағаға жетуі керек болған 17 сарбаз суға батты. 14 адам қаза болды, үш адам аман қалды. Бейбіт күнде 14 әскери қызметкердің қаза табуы қоғамда үлкен наразылық тудырды. Олардың басым бөлігі мерзімді әскерге шақырылған жас жігіттер. Санаулы күннен кейін үйлеріне қайтуы керек болған.
  • "Кеме жүргізу қағидасын бұзу" және "Қызметке салғырт қарау" баптары бойынша екі қымыстық іс қозғалды. 25 қыркүйек күні осы оқиғаға байланысты әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" катерінің командирлері – барлығы бес адам ұсталғаны мәлім болды.
  • Қоғамда Каспий теңізіндегі оқиға қызу талқыға түскен тұста, сарбаздардың қазасы туралы өткір пікір жазған азаматтарға өзін полиция өкілі деп таныстырған адамдар қоңырау шалып, жазбаларын алып тастауды талап еткені айтылып жатыр. Әзірге құзырлы органдар бұл жайлы мәлімдеме жасамады.
Айдар
​
XS
SM
MD
LG