Accessibility links

Көп балалы әйелдер белсендісі Феруза Ордабекова бес тәулікке қамалды


Нұрсұлтандық бір топ белсенді Феруза Ордабекованы босатуды талап етіп қалалық әкімдік ғимаратында тұр. - Нұр-Cұлтан, 23 қыркүйек, 2020 жыл.

23 қыркүйекте көп балалы аналар мәселесін көтеріп жүрген белсенді Феруза Ордабекова бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Ордабекованы ұсақ бұзақылық жасады (Әкімшілік кодекстің 434-бабы) деп шешті.

Бұл туралы Азаттыққа көп балалы әйелдер мәселесін көтеріп жүрген белсендінің бірі Қанағат Шүменова хабарлады.

23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ғимаратының маңына жиналған бірнеше әйел биліктен Феруза Ордабекованы дереу босатуды талап етті әрі оны көрмей ешқайда кетпейтіндерін мәлімдеді.

– Ортамызда жүрген ананы бес тәулікке қамап отыр. Ол біздің құқымыз үшін күресті. Оның да кәмелетке толмаған қызы бар. Оны түрмеде қалдыруға болмайды. Ана мен баланың құқығы бұзылып отыр. Оны босатып, қасымызға әкелмей, ешқайда кетпейміз. Осы әкімдікте қонамыз. Полиция департаментінде оның не кінәсі бар екенін айтпайды, – деді белсенділердің бірі Венера Бүбеева.

Наразылық білдірген әйелдерге қала әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов шығып бұл іске өздерінің қатысы жоқтығын, әлеуметтік талап қойып жүрген көп балалы әйелдермен жұмыс істеп жатқанын айтты.

Осы ақпарат жарияланған уақытта наразы аналар қалалық әкімшілік ғимараты алдынан кетпеген.

Феруза Ордабекованың қандай құқық бұзғаны туралы Нұр-Сұлтан полициясы түсініктеме бермеді. Ал қалалық соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова Феруза Ордабековаға қатысты сот қаулысы шыққанын растады. Оның айтуынша сот қаулысы әлі күшіне енбеген, оған он күн ішінде қарсы шағым беруге болады.

Феруза Ордабекова 21 қыркүйекте көп балалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, зейнеткерлік жасын төмендету, баспана беру, жәрдемақысын көтеру сияқты мәселелерді көтеріп, үкіметке хат тапсырған.

Көп балалы әйелдер "қудалау мен аңду қыркүйекте күрт күшейді" дейді.

Бұған дейін олар Нұр-Сұлтан маңындағы иесіз иттер питомнигінде наразылық шарасын өткізіп, баспана беруді талап етіп бірнеше күн сонда түнеген. Сол жолы Феруза Ордабекова белсенділігімен көзге түскен.

Баспана сұрап, әлеуметтік салаға назар аударуды талап еткен көп балалы және жалғызбасты әйелдер былтырдан бері наразылық шараларын жиі өткізіп жүр. Маусым айында әлеуметтік мәселелерді шешуді талап етіп, министрлік алдында түнеп шықан әйелдерді полиция күшпен алып кеткен. Олардың кейбіріне айыппұл салынған.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG