Accessibility links

Мәскеу Вашингтонды Киевке қысым жасауға шақырып отыр

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков

Соғысты аяқтау жөніндегі бейбіт келіссөздер өз пайдасына жасалуын көздеген Ресей АҚШ-ты Киевке ықпал ету тетіктерін пайдалануға шақырып отыр. Мұны Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков ВГТРК арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

"Америкалықта Киевке қысым жасап, ықпал ете алар еді", деген Ушаков. Оның сөзінше, Ресей АҚШ-ты былтыр тамыз айында Анкориджде АҚШ пен Ресей президенттері арасында қол жеткізілген келісімдерді орындау үшін Украинаға қысым жасауға шақырып отыр.

Бұған қоса Ушаков АҚШ бейбітшілік келісімі бойынша "бірқатар қызықты және пайдалы ұсыныс жасағанын", бірақ "олар әлі жүзеге асырылмағанын" айтты. Алайда ол не жайлы ұсыныстар екенін және Анкоридж саммитінде қандай келісім болғанын Путиннің көмекшісі нақтыламады.

Ресейлік шенеуніктер "Анкоридж рухы" немесе "Анкоридж ұғымдары" дегенді жиі айтады, мұнысымен Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп әлдебір нәрселерге келіскенін, бірақ оны іске асыруға Украина тосқауыл қойып отырғанын меңзейді. Әдетте, бұл сөздің астарында бүкіл Донбассты – Донецк және Луганск облыстарын – Ресейдің бақылауына беру талабы жатыр. Киев ондайға қарсы.

Өткен аптада Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ Киевке қауіпсіздік кепілдігін Украина өз әскерін Донбастан шығарған жағдайда ғана беруге дайын екенін растады. Зеленский АҚШ осы мәселеде Киевке қысым жасап жатқанын айтты. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Зеленскийдің сөзін сынға алып, шындыққа жанаспайды деп атады. Рубионың сөзінше, АҚШ Мәскеудің жер мәселесі бойынша ұстанымын Украинаға жеткізіп қана отыр, бірақ оған қолдау көрсетіп отырған жоқ.

Бұған жауабында Зеленский АҚШ кепілдік мәселесін Донбасстан украин әскерін шығарумен байланыстырып отыр деді. Украина президенті АҚШ не істеймін десе де құқығы барын, бірақ соғысты тоқтату үшін Вашингтонның Киевке емес, Мәскеуге қысым жасағанын қалайтынын айтты.

Ресей өкілдері Донбассты Ресейдің бақылауына беруді Мәскеудің Киевке қояр негізгі талабы ретінде атайды. Және одан басқа да талаптар бар.

Үшжақты бейбітшілік келіссөздерінің кейінгі кезеңі биылғы ақпан айының ортасында Женевада өткен. Одан кейін бірқатар екіжақты кездесулер өтті. Бірақ олар әлі ешқандай өзгеріс әкелген жоқ – Украина мен Ресей арасында соғыс жалғасып жатыр.

XS
SM
MD
LG