Мәскеу мен Мәскеу облысындағы бірнеше жанармай құю станцияларының иелері автокөлік отынын сатуға шектеу қойды. Мұндай шектеу ORTK, Lukoil және Gazprom жанармай құю станцияларында енгізілді, деп жазды MSK1.RU басылымы.
30 мамырдан бастап ORTK станциялары бір тұтынушыға бензинді 60 литрден, ал дизель отынын 100 литрден артық сатпайтын болған. Компания жаңа ережелер "нарықтағы қазіргі жағдайға байланысты" енгізілгенін мәлімдеді.
Мәскеу облысындағы Lukoil станциялары бір тұтынушыға 100 литрге дейін бензин сатып алуға мүмкіндік береді. "Газпром" бір тұтынушыға бензин мен дизель отынын "100-150 литрден" асырмай сатып жатыр.
2 маусым күні "Фонтанка" басылымы Санкт-Петербургке отын жеткізуде "уақытша қиындықтар" туындағанын хабарлады. Соған байланысты қаладағы кейбір жанармай құю станциялары бензин сатуға шектеу енгізді: бір тұтынушыға сатылатын бензиннің шекті мөлшері кей жерде 50 литр болса, енді бір жерлерде 95 литр.
Бұған дейін Белгород және Курск облыстарында, сондай-ақ "Луганск халық республикасы" деп аталатын сепаратистік құрылымы бақылауындағы аймақта және Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінде жанармай сатуға шектеулер ресми түрде енгізілген, бұған ішінара Украинаның ресейлік логистика бағыттарына дрон шабуылдарын үдетуі де себеп болды. Қырымда бензинді талонмен сату тәртібі енгізілді.
3 маусымда аннексияланған Севастопольдің ресейшіл билігі бензин еркін саудаға қайта шығарылғанын, бірақ әр тұтынушыға 20 литрден артық берілмейтінін хабарлады. Жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болды.