Accessibility links

Мәскеу облысында оқушы өлімінен кейін Ресей елшісі Тәжікстан сыртқы істер министрлігіне шақырылды


Мәскеу түбіндегі елді мекенде қаза болған оқушының туыстары мектеп сыртында жылап тұр. Мәскеу облысы, 16 желтоқсан 2025 жыл.
Мәскеу түбіндегі елді мекенде қаза болған оқушының туыстары мектеп сыртында жылап тұр. Мәскеу облысы, 16 желтоқсан 2025 жыл.

Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі Ресейдің Душанбедегі елшісі Семен Григорьевке нота тапсырып, Мәскеу түбіндегі елді мекенде қаза болған Тәжікстан азаматы - төртінші сынып оқушысының өлімін жан-жақты тергеуді талап етті. Сыртқы істер министрлігі "оқиғаға қатысы бар азаматтарды қатаң заңмен жазалауды" талап етті. Министрліктің хабарлауынша, шабуыл "ұлттық өшпенділік" негізінде туындаған. Бұл жөнінде Азаттық Азия жазды.

Шабуылды 16 желтоқсанда Мәскеу түбіндегі Одинцов ауданы Успенский мектебінің 9-сынып оқушысы жасаған деп айтады. Ол қарауылдың бетіне бұрыш баллонын шашып, пышақ ұрған, бұдан кейін 10 жастағы оқушыға тап берген. Соның салдарынан оқушы бала көз жұмды деп хабарлады тергеу комитеті. Көз жұмған оқушы Тәжікстан азаматы болып шыққан.

Шабуылдаушы ұсталған. Ол өзінің әрекетін камераға түсірген. Ресейлік бірқатар ақпарат құралдары мен телеграм-арналары 15-минуттық ролик жариялады. Онда шабуылдаушының шабуылға мектеп дәретханасында дайындалғаны көрінеді. Жасөспірім ол жаққа жарылғыш зат тастап кеткен. Бұдан кейін ол сыныптарды аралап, мұғалімді іздеген. Осыдан кейін бір топ бала мен мұғалімді кездестіріп, олардан "қай ұлтсың" деп сұраған. Содан кейін шабуыл жасалған.

Телеграм-арналардың жазуынша, шабуылға дейін бірнеше күн бұрын күдікті сыныптастарына "Менің ашуым" атты манифест жолдаған. Бұл еврей, мұсылман және либералдарға қарсы неонацистік сипаттағы мәтін деп жазды "Осторожно новости". Ол сонымен бірге неонацистік символдармен де суретке түскен.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, көз жұмған оқушы Қобилжан Әлиевтің анасы жолдасы өлгеннен кейін бірнеше жыл бұрын екі баласымен Ресейге қоныс аударған. Ол баласы оқыған мектепте еден жуушы болып істейді. 17 желтоқсанда Қобилжан Тәжікстанға кетуі керек болған, себебі оның төлқұжат мерзімі біткен.

Тәжікстан ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода да Ресей ішкі істер министрі Владимир Колокольцевтен Ресей жағының оқиғаны мұқият тергеп, кінәлерді жазалауын талап еткен.

Ал Колокольцев "тергеу қатаң бақылауда жүргізіліп жатыр, әділ тергеу үшін барлық шара" атқарылып жатқанын айтқан. Бұған дейін шабуылдаушы оқушының өз кінәсін мойнына алғаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG