Accessibility links

Мәскеу түбінде көлік жарылды. Ресейлік генерал қаза болғаны хабарланды


Мәскеу түбіндегі Балашиха қаласында 25 сәуір таңертең көлік жарылды. Бұл жөнінде Baza және өзге де телеграм-арналары хабарлады. Кемінде бір адам қаза болғаны белгілі. Телеграм-арналардың жазуынша, Ресей қарулы күштерінің генералы Ярослав Москалик опат болған.

Ресей тергеу комитеті генерал Москаликтің қазасын растады. Ведомство хабарламасында ол Ресей қарулы күштерінің бас жедел басқармасы төрағасының орынбасары болғаны жазылған. Оның генерал-лейтенант атағы болған.

Комитет өкілдері Балашихадағы көліктің жарылуына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, құрылғының қуаттылығы тротил эквивалентімен алғанда 300 грамнан астам жарылғыш зат болған. Адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Әдетте мұндай істерді терактіге балайды.

Көліктің жарылған сәті видеоға түсіп қалған.

Дереккөзге сүйенген Baza көліктің жанынан бір ер адам өтіп жатқан кезде жарылыс болғанын жазды. Ол қаза болған.

Генерал Москаликтің аты-жөні 2021 жылы ТАСС агенттігінің хабарламаларында аталған.

Журналист Олег Кашиннің айтуынша, 2015 жылы Москалик Ресей мен Украина арасында норман форматындағы келіссөздерге қатысқан. Ол 2019 жылы Владимир Зеленский қатысқан осы форматтағы ең соңғы келіссөзге де қатысқан. Москалик сонымен бірге 2018 жылы Сирияның сол кездегі президенті Башар Асадпен келіссөздерге де араласқан. Оның Украинадағы соғысқа қатысқаны-қатыспағаны белгісіз.

ЧТД телеграм-арнасының жазуынша, генерал Москалик ресми түрде Мәскеуде тіркелгенмен жарылыс болған Балашихадағы Нестеров гүлзарында тұрған.

Кей ақпаратқа қарағанда, көлік ішінде тағы бір адам болған, ол да қаза болған. Бұл ақпарат әзірге расталмады.

2024 жылы желтоқсанда Мәскеуде өз үйінің подъезінде жарылыстың салдарынан Ресей қарулы күштерінің радиация, химия және биологиялық қорғау әскерінің бастығы генерал Игорь Кириллов мерт болған еді. Украина арнайы қызметіндегі дереккөздер сол кезде бұл олардың операциясы екенін мәлімдеген. Украина жағы генерал Москаликтің ықтимал қазасына қатысты түсініктеме берген жоқ.

XS
SM
MD
LG