Accessibility links

45 минуттық парад. Мәскеуде әскери шеру қалай өтті?

9 мамырда Мәскеуде Қызыл алаңда Жеңістің 81 жылдығына арналған парад өтті.

Сенбі күні Ресей дрон қатеріне байланысты кейінгі жылдардағы ең “жұпыны” әскери парадын өткізді деп жазды Reuters.

Әдетте қалың әскер мен құрлықаралық баллистикалық ракеталарды паш ету үшін пайдаланылатын парадта биыл танк және өзге әскери техника да байқалмады. Бұған дейін Кремль мұндай өзгерісті қауіпсіздік шараларымен байланыстырған. Десе де биыл авиациялық шоу шегерілмеді.

Сарбаздар мен теңізшілер Владимир Лениннің мавзолейінің көлеңкесінде ресейлік ардагерлермен бірге отырған президент Владимир Путиннің алдынан шерулетіп өтті.

Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, парад шамамен 45 минутқа созылған.

Ресей қорғаныс министрлігі бұған дейін парадқа қатысатын жаяу әскер құрамында "Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығына қатысқан" әскери қызметкерлер де болатынын айтқан еді. Шараға Солтүстік Корея әскері де қатысатыны хабарланған. Парад кезінде әскери форма киген солтүстіккореялықтар да байқалды.

Парадқа қатысып жатқан Солтүстік Кореяның әскери қызметкерлері. Мәскеу, 9 мамыр 2026 жыл.
Парадқа қатысып жатқан Солтүстік Кореяның әскери қызметкерлері. Мәскеу, 9 мамыр 2026 жыл.

Ресей басшысы Владимир Путин сөз сөйлеп, Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жариялады.

Ол тарих туралы көп толғап, Ресей Украинаға қарсы соғыста жеңіске жетеді деп мәлімдеді. Ресей билігі әдетте, Украинамен соғысты “арнайы әскери операция” деп атап жүр.

Путин Ресей "Украинамен ғана емес", "тұтас НАТО одағымен соғысып" жатқанын тағы айтты.

Парадқа бұл жолы Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан, Малайзия және Лаос басшылары қатысты. Бұған қоса, Ресей мойындаған, бірақ халықаралық қауымдастық мойындамаған Оңтүсті Осетия мен Абхазия басшылары қатысты. 8 мамырда Мәскеуге Словакия басшысы Роберт Фицо барған, бірақ ол парадқа бармады.

Мәскеудегі парадқа қатысқан мемлекет басшылары. 9 мамыр 2026 жыл. Ақорда таратқан сурет.
Мәскеудегі парадқа қатысқан мемлекет басшылары. 9 мамыр 2026 жыл. Ақорда таратқан сурет.

Der Spiegel басылымының жазуынша, Ресей билігі Қызыл алаңдағы әскери парадқа қатысуы керек болған шетел журналистерін аккредитациядан айырған.

Әскери парад алдында айналаны бақылап жүрген күштік құрылым өкілдері. Мәскеу, 9 мамыр 2026 жыл.
Әскери парад алдында айналаны бақылап жүрген күштік құрылым өкілдері. Мәскеу, 9 мамыр 2026 жыл.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков басылымға мұндай ақпарат "шындыққа сай емес" деген. Дегенмен ол журналистердің құрамы "шектелетінін" растаған.

  • Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 81 жылдығы атап өтіліп жатыр. Былтыр парадқа 10 мыңнан астам Ресей әскері қатысқан. 1.5 мыңы – Украинадағы соғысқа қатысушылар.
  • Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина атысты үш күнге тоқтатуға келісті деп мәлімдеген. Айтуынша, мұндай ұсынысты ол екі елдің басшыларына айтқан, ал олар қабылдаған. Киев пен Мәскеу де ақпаратты растады. Тараптар "мыңға мың адам" формуласы бойынша тұтқын алмасатынын да айтты.
Айдар
XS
SM
MD
LG