Павлодар облысы Май ауданы Көктөбе ауылында Бағлан Зиябеков есімді азамат өзін аудандық мәслихатқа кандидат ретінде тіркемей отырғанына шағымданып отыр.
Оның сөзінше, 27 қазанда сондағы N6 округтық сайлау учаскесіне барған кезде түрлі кедергілерге тап болған. Өзін күштік құрылымдардың қолын қайырып, полиция бөлімшесіне де әкеткенін айтты. Айтуынша, 2023 жылы мәслихат сайлауына қатысып, депутат болып, жемқорлық мәселесін қозғаған.
“Депутаттық қызметіміз тоқтаған соң 2026 жылы 27 қазан күні Павлодар облысы Май ауданында орналасқан нөмірі 6 округтық сайлау комиссиясына құжат тапсыруға бардым. Бара жатқан жолда бейтаныс біреулер мені тоқтатпақшы болды. Мен осы кедергілерге қарамастан 6 округтық сайлау комиссиясына кіріп бардым. [Сайлауға қатысу үшін толтыратын] Өтініш сұрасам, қызметкерлер компьютердің жұмыс жасамайтынын айтып, өтінішті бере алмады. Одан басқа тағы күтіп отырған кезде полиция қызметкерлері келіп, мені күштеп алып кетпекші болды” дейді президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына видеомәлімдеме жасаған белсенді.
Оның парақшасында 27 қазан күнгі оқиғалардан бірнеше видео да жарияланған. Солардың бірінде өзінің аты-жөнін айтқан полиция қызметкері белсендіні полиция бөлімшесіне алып кетпекші болады. Белсенді шақыру қағазын сұрайды.
Полиция да, округтық сайлау комиссиясы да әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді. Азаттық олардан жауап алуға тырысып жатыр.
29 қараша күні елде кезектен тыс мәслихат сайлауы өтеді.
Қазіргі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы бастаманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қыркүйек күні көтерген. Ол мұны түсіндірерде партиялық жүйедегі өзгерістерге сілтеді.
Мәслихат депутаттарының басым бөлігі бұрынғы Amanat партиясынан сайланған еді. Ширек ғасыр бойы елдегі негізгі билік партиясы болып келген ол ұйым 2026 жылдың көктемінде жаңадан құрылған "Әділет" партиясымен бірігу туралы шешім қабылдаған. Тоқаевтың айтуынша, заң бойынша тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін депутаттардың едәуір бөлігінің заңды мәртебесіне қатысты сұрақ туындайтын еді.
Мәслихат өкілеттігін тоқтату туралы президент жарлығы 12 қазанда шықты.
Дауыс беру кезінде 228 мәслихатта 3 447 депутатты сайлау жоспарланып отыр.