Accessibility links

"Халықты тонауды тоқтат! Жемқорды жазала!" Ұланбатырда алаңға шыққандар кедейліктен қажығанын айтты


Наразылар Үкімет үйіне басып кіруге бірнеше рет талпынды. Ұланбатыр, Моңғолия, 5 желтоқсан 2022 жыл.
Наразылар Үкімет үйіне басып кіруге бірнеше рет талпынды. Ұланбатыр, Моңғолия, 5 желтоқсан 2022 жыл.

Моңғолия астанасында елдегі экономикалық қиындықтарға және Қытайға көмір сатудың төңірегіндегі жемқорлыққа жаппай наразылық өтіп жатыр. Дүйсенбіде наразы жұрт Ұланбатырдағы үкімет үйін басып алуға бірнеше рет талпынды. Полиция олардың жолын бөгеп, кіргізбеді. Билік заңсыз көмір сату жайлы бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

5 желтоқсанда жүздеген наразы адам Ұланбатырдағы Дамдин Сухэ батыр алаңына тағы да жиналып, бірнеше мәрте үкімет үйіне кіруге әрекет жасады. Олар "Елді тонауды тоқтат!", "Халықтың несібесін ұрлағандар дереу ұсталсын!", "Көмірді кім ұрлағанын айтыңдар!", "Ұрыларға қарсы бірігейік!" деп айқайлаған. Олар жемқорлық мәселесін тергеп, үкіметті отставкаға жіберуді талап етті. Бұл туралы Моңғолиядағы билік партиясының басылымы "Монголын унэн" хабарлады.

Моңғолияда наразылық әлі басылмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Моңғолия Қытайға сатпақ болған көмірдің бір бөлігін талан-таражға салып, соның кесірінен ел бюджетіне 44 триллион төгрөг (12,9 миллиард АҚШ доллары) шығын келген деп жазған жергілікті басылымдарда шыққан ақпарат жаппай наразылыққа түрткі болған. Ел астанасындағы орталық алаңға бірнеше күннен бері шығып жүрген наразы жұрт биліктен жемқорлардың аты-жөнін жариялап, жауапқа тартуды талап етті.

"КӨМІР АСАҒАН ЖЕМҚОРЛАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛСЫН!"

Ұланбатырдағы наразылық болып жатқан орталық алаңда Моңғолияда тұратын қазақтар да болды. Азаттық дүйсенбі күні солардың кейбірімен сөйлесіп, мән-жайды сұраған еді.

Өзін Бердібекпін деп қана таныстырған қазақ алаңда тұрғандар негізінен 30 жасқа дейінгі адамдар деп хабарлады.

– Шенеуніктер Қытаймен жасырын түрде астасып, елден көмір шығарып сатқан деген ақпарат шықты. Кеше де келдік. Бірақ адам аз болды. Бүгін таңертеңгі он бірден бастап талбайға (алаңға – ред.) қайта жиналдық. Қазір де адамдар үсті-үстіне келіп жатыр. Бірақ цагдаа (полиция – ред.) тарапынан әлі қарсылық болған жоқ, – деді Бердібек.

Наразы адамдар "Елді тонауды тоқтат!", "Халықтың несібесін ұрлағандар дереу ұсталсын!", "Көмірді кім ұрлағанын айтыңдар!", "Ұрыларға қарсы бірігейік!" деп айқайлаған. Ұланбатыр, Моңғолия, 5 желтоқсан 2022 жыл.
Наразы адамдар "Елді тонауды тоқтат!", "Халықтың несібесін ұрлағандар дереу ұсталсын!", "Көмірді кім ұрлағанын айтыңдар!", "Ұрыларға қарсы бірігейік!" деп айқайлаған. Ұланбатыр, Моңғолия, 5 желтоқсан 2022 жыл.

Моңғолиядағы тұратын тағы бір қазақ Жарылқасын Ерболат наразылыққа көмір дауынан басқа да себеп барын айтты. Жиналған жұрт коронавирус пандемиясы кезінде бөлінген қаржы қолды болғанын, халықтың әлеуметтік жағдай нашарлағанын айтып, үкіметке наразылық білдірген.

– Ел экономикасы құлдырап кетті, барлық зат қымбаттап жатыр. Халықтың тауып жатқан қаржысы түкке жетпейтін болды. Байлар байып, кедей-кепшік одан сайын кедейленіп, қоғам екіге жарылып кетті. Бензин бағасы 3 мың төгрөгке (400 теңге) жетті. Мұны бақылап, жүйеге келтіретін бір де бір адам жоқ. Осының бәрі қосылып, жұртты көшеге шығарды, – дейді Жарылқасын.

Оның айтуынша, наразы халық билік кінәлілерді тауып, аты-жөнін жариялағанша тарамаймыз деген талап қойған. Жемқорлыққа қатысы болуы күдікті делінген адамдардың арасында билікте отырған министрлер де бар дейді ол.

"БИЛІК КҮШ ҚОЛДАНБАҚ БОЛҒАН НАРАЗЫЛАР ӨЗДЕРІ ТАРАДЫ"

Дүйсенбі күні Ұланбатырдағы орталық алаңда интернет байланысы нашар болғандықтан, тағы бірнеше адаммен сөйлесу мүмкін болмады. Есесіне үкімет үйін қоршап тұрған арнайы жасақ өкілдерінің бірі – моңғолиялық қазақ Самат Нұрмолдамен (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) сөйлесудің сәті түсті.

– Әртүрлі ақпарат тарап жатыр. Бірақ оның көпшілігі өтірік. Мәселен, күндіз үкімет үйін басып алған деген хабар тарап, видео жарияланды. Бірақ наразылар сыртқы қақпадан кіргенімен, үкімет үйіне кіре алған жоқ. Мен сол ішкі есікте тұрдым. Бір емес, бірнеше рет басып алуға талпынды. Оған мүмкіндік бермедік, – дейді Самат Нұрмолда.

Наразы жұрт көмір ұрлығына қатысы бар кінәлілерді тауып, аты-жөнін жариялағанша тарамаймыз деген талап қойған. Ұланбатыр, 5 желтоқсан 2022 жыл.
Наразы жұрт көмір ұрлығына қатысы бар кінәлілерді тауып, аты-жөнін жариялағанша тарамаймыз деген талап қойған. Ұланбатыр, 5 желтоқсан 2022 жыл.

Үкімет үйін қорғап тұрған Самат ереуілшілердің талабы орынды деп есептейді. Оның сөзінше, ел экономикасына зиян келтіргендер әшкереленіп, кінәсі дәлелденсе, міндетті түрде жауапқа тартылуы керек.

Самат өздеріне қала әкімінен "жиналғандарды күштеп тарату" туралы бұйрық түскенін, бірақ алаңдағы наразы топтың қарасы көбейіп кеткендіктен ешқандай артық әрекетке бармағандарын айтады. Билік егер демонстранттар жергілікті уақытпен сағат 22-ге дейін өз еркімен тарқамайтын болса, оларды күштеп тарататынын мәлімдеген еді.

– Міне, қазір сағат 23 болды. Жиналғандар өз еркімен тарап жатыр. Қазір алаң босап, полициядан басқа ешкім қалмады, – деді Самат Нұрмолда.

Біз сөйлескен сәтте Самат Ұланбатырда ауа температурасы -25 градус болып тұрғанын, түнде аяз күшейіп, таң атқанша алаңда тұру мүмкін емесін айтты.

Моңғолияның Эрдэнэт аймағында тұратын қазақ ақыны Байыт Қабанұлы оқиғаны интернет арқылы бақылап отырғанын, жағдайдың шиеленісіп кеткенін айтады. Оның сөзінше, Моңғолия парламенті (Улсын Их Хурал) төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдаған. Бірақ ондай шешім күшіне ену үшін ел президенті мен үкімет жетекшісінің келісімі болуы шарт.

Дүйсенбі күндіз бірнеше адам жараланғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Жергілікті басылымдар үкімет үйін қорғап тұрған қауіпсіздік қызметінің төрт өкілі зардап шеккенін, наразылардан екі адам жарақат алғанын, оның бірі 16 жастағы жасөспірім деп жазды.

Үкімет үйінің алдына жиналып тұрған наразы адамдар. Ұланбатыр, 5 желтоқсан 2022 жыл.
Үкімет үйінің алдына жиналып тұрған наразы адамдар. Ұланбатыр, 5 желтоқсан 2022 жыл.

БАҚ хабарларына қарағанда, Үкімет үйі маңындағы жаңа жыл мейрамына тігілген шырша наразылық кезінде өртенген. Полиция шыршаны өртеген деген күдікті ер адамға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын айтады. Бұған қоса күш құрылымдары үкімет үйіне басып кіруге талпынған кезде ұсталған демонстранттардың бәрі босатылды деп хабарлады.

Моңғолия экономикалық даму министрлігі "Эрдэнэс Тауан-Толғой" акционерлік қоғамының өкілдеріне қарсы он қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. "Эрдэнэс Тауан-Толғой" – Өмнөгүп аймағындағы Тауан-Толғой көмір кенішіне иелік ететін "Эрдэнэс" мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорыны.

Елдің әділет министрі Хишгэгийн Нямбаатар үкімет заңсыз көмір сату туралы қылмыстық істі тергеуге Қытай прокуратурасының да атсалысуын сұрап, ресми Пекинге өтініш айтты деп хабарлады.

Үш миллионға жуық тұрғыны бар Моңғолия экспортының 86 пайызын Қытайға жөнелтеді. Соның жартысынан астамы – көмір. Биыл Моңғолия Қытайға 19 млн тонна көмір сатқан, бұл былтырғы жылғы көмірден 16 млн тоннаға артық. Биыл жыл басынан бергі тоғыз айда Моңғолия жалпы бағасы 4,5 млрд АҚШ долларына тең көмірді экспортқа шығарған. Бұл былтырғы жылдың сондай кезеңімен салыстырғанда үш есеге жуық көп. Көмір экспортынан түскен қаржы бюджет кірісінің 40 пайызын құрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG