Accessibility links

Макс Боқаевтың 4 ақпанда түрмеден шығатыны хабарланды, ақпарды ресми орындар әлі растаған жоқ


Азаматтық белсенді Макс Боқаев. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

2016 жылғы "жер митингілерінен" соң 5 жылға сотталған атыраулық азаматтық белсенді Макс Боқаев ақпанда бостандыққа шығады. Бұл туралы оның серіктесі Талғат Аян өзінің Facebook парақшасында жазды.

Оның мәлімдеуінше, Макс Боқаев жазасын өтеп жатқан Атыраудағы УГ157/9 колониясының әкімшілігі оған 4 ақпанда бостандыққа шығатынын айтқан.

"19 қаңтарда сағат 15.30-да Атырау қалалық №2 сотында Макс Боқаевқа әкімшілік бақылау тағайындау туралы сот өтеді. Әкімшілік бақылауды 6 айдан екі жылға дейін тағайындауы мүмкін. Бұл – адам құқығын шектеу. Жазасын өтеп шыққан адам ай сайын пробация қызметіне баруы, үйінен түнде шықпауы, қаладан, елден шықпау керек және оны сақтамағаны үшін түрмеге қамалады. Әкімшілік құқық бұзушылық үшін де бас бостандығынан айыруы мүмкін" деп жазды ол.

Талғат Аян Боқаевқа тағайындалатын әкімшілік бақылауды шектен шығу әрі адам құқығын бұзу деп санайды. Ол "әкімшілік бақылаудың жалғыз мақсаты – оның қоғамдық қызметін бақылауға алу" дейді.

17 желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев "Түрмеден шыққан күні алаңға барамын" деген еді.

Азаттық тілшісі Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Манарбек Ғабдуллинмен сөйлесті. Ол Боқаевтың босатылу мерзімі туралы колониядан нақтылайтынын айтқанымен, қайта хабарласпады.

Осыдан бес жылдай бұрын, 2016 жылғы 24 сәуірде Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.

Жер реформасына қарсы митингіден соң оған қатысқан атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Олар "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп айыпталды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан босатқан. Ал 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген.

АҚШ конгресінің 12 сенаторы 2020 жылдың 29 маусымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігі құқығын пайдаланғаны үшін" сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұраған. Сенаторлар хатында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті атап көрсеткен. Әбішев Қазақстан сотының шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады деп 4 жылға сотталған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар оларды "саяси тұтқын" тізіміне қосқан, ал ресми билік елде саяси тұтқын жоқ деумен келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG