Accessibility links

Мәжіліс ҰҚШҰ әскерін кіргізуді және тасымалдауды жеңілдететін хаттамаларды ратификациялады

Қазақстан парламентінің төменгі палатасы ҰҚШҰ әскерін кіргізуді және тасымалдауды айтарлықтай жеңілдететін хаттамаларды ратификациялады.

Парламенттің мәлімдеуінше, түзетулердің мақсаты – одақ әскерін бір елден екінші елге шұғыл тасымалдауды талап ететін “дағдарыс жағдайында” бюрократиялық процедураларды азайту.

Түзетулер сонымен бірге ҰҚШҰ келісіміне маңызды техникалық ұғымдарды ресми түрде бекітеді. Арасында транзит, әуежайды техникалық қолдау, аэронавигациялық қызмет және аэронавигациялық деректер сияқты ұғымдар да бар.

“Жаңа ережелер сонымен бірге блок әскерін белгілі бір елге жіберу себептерін де қатаң ажыратады. Шұғыл қажет болған кезде бюрократиялық процедуралар барынша азайтылады: егер бұрын әскер мен техниканы тасымалдауға өтініш беруге үш күн бөлінсе, енді ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тиісті шешімінен кейін бір күн ғана болады” деді Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков.

Хаттамаға Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан басшылары 2024 жылы қарашада қол қойған.

2022 жылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болған кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге "шетелде дайындықтан өткен мыңдаған террорист шабуылдады" деп мәлімдеп (әлі күнге дейін дәлел көрсеткен жоқ), ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Осылайша ҰҚШҰ әскері алғаш рет басқа елдің аумағына кірген.

Айдар
XS
SM
MD
LG