Accessibility links

БАҚ: ХАМАС Газа секторындағы үкіметін тарататынын жариялады

Газа қаласындағы тұрғын үйлер. 21 қазан, 2025 жыл.
Газа қаласындағы тұрғын үйлер. 21 қазан, 2025 жыл.

АҚШ, Израиль және Еуропа одағы террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС қарулы тобы Газа секторындағы үкіметін таратып, азаматтық билікті техникалық комитетке беруге дайындық басталғанын жариялады. Мұны Associated Press агенттігі хабарлады. ХАМАС өкілдері бұл шешімді Израильмен арада атысты тоқтату туралы АҚШ-тың араағайындығымен жасалған келісім аясында қабылданғанын айтқан.

ХАМАС өкілі Исмаил әл-Тауабта Газа секторында билік өкілетін өткізіп бергенге дейін мемлекеттік қызметтердің жұмысын қамтамасыз ету үшін техникалық және әкімшілік қызметкерлері ғана жұмыс істейді деп мәлімдеді.

Палестина тарапының мәліметінше, Әли Шаат бастаған технократтардың ұлттық комитеті азаматтық істерді бақылауға алмақ. Билікті өткізіп беру үшін үкіметтік органдардың, палестиналық фракциялардың және тәуелсіз қайраткерлер өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылған деп айтылды.

ХАМАС, басқа палестиналық топтар және халықаралық араағайындардың қатысуымен жақын күндері Египет астасында атысты тоқтату туралы келісімді іске асыру бойынша келіссөздер жалғасады. Ондағы басты мәселелердің бірі – ХАМАС тобын қарусыздандыру жайлы болмақ. Топ қарусыздануды біртіндеп жасауды жақтайтынын айтады және бұл процесті Газа секторынан Израиль әскерінің шығарылуымен байланыстыруды талап етіп отыр.

Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар Газадағы үкіметтің таратылуы ХАМАС тобының секторды әскери бақылауда ұстаудан бас тартқанын білдірмейді деп мәлімдеді. Саардың айтуынша, ХАМАС Газада азаматтық әкімшілік күнделікті істерді басқарып, ал қарулы топ қауіпсіздікті бақылауда ұстайтын "Хезболла моделін" енгізуге тырысып отыр. Ливанның "Хезболла" ұйымын АҚШ пен Израиль террористік деп таныған, ал Еуропа одағы ол топтың саяси партиясын емес, әскери қанатын ғана террор ұйымына жатқызған.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газаны қалпына келтіру ХАМАС тобын толық қарусыздандырып, секторды демилитаризациялағаннан кейін ғана мүмкін екенін тағы мәлімдеген. Нетаньяху егер бұл шарттар орындалмаса, Израиль секторды қалпына келтіру жобаларына келіспейтінін айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG