Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы әскери операцияларды жалғастыру ниетінен қайтпай отыр, себебі ол Ресей әскері биылғы жылдың аяғына дейін бүкіл Донбассты, ал майдан шептерін бұзып өткен жағдайда басқа өңірлерді де бақылауға алады деп санайды. Кремльге жақын дереккөздерге сүйеніп, ресейлік элитаның көңіл-күйі жайлы жариялаған көлемді мақаласында британдық The Guardian газеті осылай деп жазды.
Басылым Украинаға қарсы кең ауқымды соғыстың бесінші жылында ресейлік элитаның айтарлықтай бөлігі Путиннен көңілі қалып, тұйыққа тірелгенін атап өткен. Бұған майдандағы сәтсіздіктер және ішкі мәселелердің ушығуы қосылып отыр. Газет әлдебір ірі бизнес өкілінің "тықыр таянғаны жайлы сезім күшейіп келе жатқанын" айтқан сөзін келтірген. "Ешкім ертең бәрі аяқастынан күйрейді деп санамайды. Бірақ мүлдем мағынасыз және өзімізге қарсы шешімдер қабылданып жатқанын түсіне бастаған. Бұрын Путинді қорғап сөйлейтін адамдар енді олай істемейді", деді ол.
Әсіресе, интернетті шектеу мен бұғаттау Мәскеуде үлкен наразылық тудырды, деген The Guardian басылымы сөйлескен журналист Ксения Собчак. Дереккөздер Путиннің кейбір жақын серіктері, соның ішінде оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков және президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко, Путинді ең қатаң шектеулерден бас тартуға көндіруге тырысқанын айтады. Бірақ, дереккөздердің айтуынша, Путин қауіпсіздік қызметтеріне сенетіндіктен, әлгіндей ұсыныстарға келіспеген. Бұған дейін кейінгі уақытта интернетті "қадағалауды" Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) екінші басқармасы өз қолына алғаны және олардың әрекеттері Telegram-ға енгізілген шектеулерді қоса алғанда, жоғары деңгейлі шектеулермен байланысты екені жайлы хабар тараған. "Соғыс жалғасып жатқанда Путин қауіпсіздік күштеріне сүйенеді", деген басылымға Кремльге жақын тағы бір дереккөз. Ксения Собчак Ресей билігі барлық шетелдік әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы түбегейлі шешім қабылдаған және ол шара "келесі жылы" жүзеге асырылуы мүмкін деген болжам айтты.
Наразылық артуына қарамастан, элитаның Путинге қарсы бас көтеру ықтималдығы төмен деп жазды басылым. Жақында Путинмен кездескен дереккөз элитаның сенімсіздігі мен қорқынышына қарамастан, Ресей президенті "жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын" айтқан.