Ресейдің ең ауқатты азаматтары, арасында президент Владимир Путиннің маңайындағы кейбір адамдар да бар, кейінгі бір жылда шетелге миллиардтаған доллар актив шығарған. Мұны дереккөздерге сүйеніп Bloomberg жазды. Бұл ел экономикасы мен мемлекеттік бюджеттің жағдайына алаңдаушылық артып бара жатқанын көрсетеді.
Bloomberg материалында Ресейдегі дәулеттілердің кейбірінің активтерін тәркілеу мен мемлекеттік органдар тарапынан жасалатын қысым ресейлік элита арасында капиталдан айрылып қалам ба деген қауіпті күшейткені айтылған. Агенттік мұны аса ауқатты алты ресейлік азаматтың және бірнеше отандық миллиардердің көңіл-күйінен хабардар өзге адамдардан алған мәліметтерге сүйеніп жазған.
Бірнеше миллиардер қосымша активтерін банк секторындағы қауіп-қатерге байланысты Ресейден шығарғанын, мұны әлгі адамдардың сөздері және корпоративтік есеп құжаттары мен жылжымайтын мүліктер жөніндегі мәмілелер растайды дейді ақпарат агенттігі.
Оның бағалауынша, жыл басынан бері Ресейден шетке кеткен капитал көлемі ондаған миллиард долларға жеткен, себебі бай ресейліктердің көпшілігі соғыс пен санкциялар кесірінен туындаған қиындықтарға қармастан, капиталын шетелге инвестиция ретінде салу мүмкіндіктерін іздейді.
Кейінгі жылы ең бай ресейліктердің кейбірі қаражатын криптовалютаға, алтынға, шетелдегі жылжымайтын мүлікке және Парсы шығанағындағы елдердің жеке инвестициялық қорларына салуды жөн көрген, деп жазды Bloomberg.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Bloomberg жолдаған сауалға жауап қатпаған.
The Bell басылымы 2024 жылдан бері Ресейде активтерді мемлекет пайдасына тартып алу айтарлықтай күшейген, әсіресе сырт жақта байланысы бар немесе бұрын мемлекеттік жоғары лауазым атқарған кәсіпкерлерді "нысанаға" алады дейді. Былтыр прокуратураның талабы бойынша мемлекет пайдасына 4 трлн рубльден астам ақшаның мүлкі алынған, ресейлік Forbes басылымының ең бай адамдар тізіміне енгендердің 12 пайызы активін мемлекетке беруге немесе сатуға мәжбүр болған.