Мелания Трамп Рождествоға дейін Украинада атыс тоқтауы мүмкін екенін айтты

Мелания Трамп
Мелания Трамп

АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп АҚШ, Ресей және Украина өкілдері атысты тоқтату мүмкіндігін талқылап жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар Рождествоға дейін келісімге қол жеткізуі мүмкін. Бұл туралы ол Fox News телеарнасының эфирінде айтты.

Жүргізушілер алдағы мерекелерден не күтетінін сұрағанда, Мелания Трамп бүкіл әлемде бейбітшілік орнағанын қалайтынын жеткізді.

«Егер Украина мен Ресей осыны қаласа, оған өте тез қол жеткізуге болар еді. Қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сондықтан Рождествоға дейін тағы бір рет атысты тоқтату келісімі жасалуы мүмкін. Соған үміттенемін» деді АҚШ президенті Дональд Трамптың жұбайы.

Мелания Трамп қандай бітім туралы айтып отырғанын, келіссөзге нақты кімдер қатысып жатқанын және келіссөздің қай кезеңде екенін ашып айтпады. Ресей мен Украина билігі әзірге оның мәлімдемесіне пікір білдірген жоқ.

Бұған дейін Ресей мен Украина өкілдері Мелания Трамптың Киев бақылауынан шығып қалған Херсон облысындағы Олешки қаласында гуманитарлық миссия ұйымдастыруда маңызды делдалдық рөл атқарғанын хабарлаған.

АҚШ пен Украинада Рождество 25 желтоқсанда атап өтіледі. Ал Ресейде православ Рождествосы 7 қаңтарда болады.

2023 жылғы қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин Рождество мерекесіне орай біржақты бітім жариялаған еді. Алайда соған қарамастан, соғыс қимылдары тоқтаған жоқ. Одан кейінгі жылдары Ресейдің Украинаға қарсы соғысы кезінде Рождествоға байланысты бітім жарияланған емес.

​
XS
SM
MD
LG