Accessibility links

Мемлекеттік дума депутаты Қырғызстанда орысша топонимдердің өзгертілуін сынады

Мемлекеттік дума депутаты Михаил Матвеев.
Мемлекеттік дума депутаты Михаил Матвеев.

Ресей мемлекеттік думасында Бішкектегі қырғыз-ресейлік славян университетінің жаңа кампусының құрылысын талқылау кезінде Қырғызстандағы бірқатар көшелер мен елді мекен атауларының өзгертілуі қызу талқыланды.

Мәселе 2025 жылы 25 қарашада қол қойылған құжат жөнінде болып отыр. Келісімге сәйкес, Ресей жағы кампустың жобалауы, құрылысы мен жабдықталуын мойнына алады, ал Қырғызстан кемінде 30 гектар жер бөліп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Кампус ашылғаннан кейін ондағы студенттердің саны 15 мыңға жетеді деген болжам айтылып отыр. Келісімді Қырғызстан парламенті мақұлдаған және президент қол қойған.

Талқылау кезінде мемлекеттік думаның депутаты Михаил Матвеев Қырғызстанда совет және орысша атаулары бар елді мекендер мен көшелердің аттары, атап айтқанда Горький, Толстой, Фрунзе және Молодая Гвардия сияқты көше аттары жаппай өзгертіліп жатқанын айтып, сынады.

Соған қарамастан кампус құрылысы туралы келісімді депутаттардың басым бөлігі қолдады.

Бұған дейін Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Ош облысына сапары кезінде ауылдардың бірінің атын тарихи тұлға Әлімбек Датқаның құрметіне орай өзгерту туралы ұсыныс айтылған кезде елдегі орысша атаулары бар елді мекендердің аты өзгертілетінін айтқан. Оның бұл сөзі БАҚ-та жарияланып, ресейлік БАҚ-та резонанс туғызған.

Кейінірек Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов әңгіме орысша атаулардан жаппай арылу жөнінде болып отырмағанын, мәселе қоғамда жікшілдік тудырмас үшін елді мекендерге нақты тарихи тұлғалардың атын бермеу жөнінде болып отырғанын айтқан.

Дегенмен елді мекендердің аттарын өзгерту мәселесі Қырғызстан қоғамында талқыланып жатыр. Былтыр Жапаров елдегі тоғыз елді мекеннің атын өзгерту туралы заңға қол қойған. Атап айтқанда, Нарын облысындағы Большевик ауылы – Баялы Исакеев, Ыстықкөл облысындағы Теплоключенка – Ақсу болып өзгертілген.

Ашық дереккөздерге қарағанда, Қырғызстанда совет кезінен қалған немесе орысша аталатын ондаған елді мекен бар.

Айдар
XS
SM
MD
LG