Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінің иесі Meta компаниясы Қазақстанда ірі мемлекеттік тендер алатын Азаттық Азияның ВД Строй-Инжиниринг туралы видеосын жойды. Атап айтқанда, Instagram-да аталған видео жарияланған жазба өшірілген.
Meta-ның хабарламасында контентке "басқа біреуден авторлық құқық бұзылғаны жайлы шағым түскенін" жазады. Бірақ жай-жапсары жазылмаған.
Өшірілген видеода Азат Еуропа/Азаттықтың Қазақ қызметі жүргізген зерттеу жөнінде айтылады. Журналистердің мәліметінше, "ВД Строй-инжиниринг" кейінгі жылдары мемлекеттік тендерлерге ие болып, құрылыс нарығының ірі ойыншысына айналған. Материалда "ВД Строй-инжиниринг" компаниясында 2020-2023 жылдары Бағдат Байтұрсынқызы Өміржанова деген адам – құрылтайшы, ал Рустам Тимурұлы Қарағойшин деген адам директор болғаны, оларды президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы және жиендерімен байланыстыратын дерек бары жазылған. Бұл уақыт кәсіпорынның табысы артқан кезеңмен тұспа-тұс келеді делінген.
Материал сайтқа шыққан күні Азаттықтың сайты мен Азаттық Азия да ашылмай қалған.
Бұған дейін Google корпорациясы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасымен бизнес-серіктестігі болуы мүмкін делінген компания туралы зерттеуінен кейін Азаттық радиосы ресурстарының бұғатталғаны жайлы "Ферғана" сайтының мақаласын іздеу нәтижелерінен өшіріп тастаған. Редакцияның хабарлауынша, 22 мамырда "Ферғана" редакциясының поштасына Google әкімшілігінен жаңалық "рұқсатсыз көшірілгені" айтылатын ресми хат келген. Сөйтіп Google ішкі саясатына сай бұл контентті барлық елдегі іздеу нәтижесінен жасырып тастаған. "Ферғана" сайтының мақаласына нақты кім шағым бергені белгісіз.
Дәл осыған ұқсас ескертуді Google-дан Азаттық Азия да алған.
“ВД Строй-инжиниринг” компаниясы құрылтайшыларының бірі Азамат Өсімбеков жуырда Ulysmedia YouTube-арнасына берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен туыстарын жеке танымайтынын айтқан.