Accessibility links

"Minecraft-тағы лаңкестік": Ресейде жасөспірімдерге қандай айып тағылып отыр?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейде дәлелдің жетіспеушілігіне қарамастан 14 жасар үш жасөспірім ұзақ жылға қамалуы мүмкін. Мұның алдында бұл үшеу Minecraft дейтін компьютер ойынында ФСБ ғимаратын қиратуды жоспарлағаны үшін істі болған. Ол іс аяқталып, артынан жасөспірімдерге офлайн өміріндегі әрекеті үшін жаңа айып тағылды.

Бұл үш азамат жұртқа алдыңғы ісі бойынша танымал. Ресей құқық қорғау органдары компьютердегі ойыннан лаңкестік сипат байқап, іс қозғаған. Айыпталушылардың жасы мен тағылған айыптың ерекшелігі ел назарын аударған еді.

Былтыр қарашада Ресей тергеу комитеті Никита Уваров, Денис Михайленко және Богдан Андреев дейтін жасөспірімдерге "лаңкестік топқа қатысы бар" және "лаңкестік әрекет жасау мақсатында дайындықтан өтті" деген екі айып таққан.

Екі ай бұрын комитет бірінші айып бойынша қозғалған бастапқы істі жауып, бұл топта лаңкестік қауымдастыққа жатқызуға болатындай қажет құрылым болмады деді.

Ал екінші айыптан "компьютер ойынында ФСБ ғимаратын жармақ болды" деген бастапқы уәж алынып тасталды.

Бірақ Красноярск өлкесі Канск қаласының №21 мектептің оқушыларына әлі де бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.

Minecraft ойынының скриншоты.
Minecraft ойынының скриншоты.

ІС ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Бұл үшеу бір жыл бұрын қамауда отырған анархисті қолдайтын үнпарақ таратып, оның бірін Ресей федералдық қауіпсіздік комитеті ғимаратына ілген (ФСБ). Осыдан кейін құзыретті органдар бұл үшеуді ұстап алып, телефондарын тартып алған, ол жерден жасөспірімдердің өзара алмасқан хаттарын оқып, олардың компьютер ойынында ФСБ ғимаратын "жармақ" болғанын білген. Тергеу комитеті осы және өзге деректердің негізінде жасөспірімдердің үстіне қылмыстық істер қозғаған.

Екі күндік тергеу кезінде жасөспірімдердің кемі бір Молотов коктейлін әзірлегенін, оны 2020 жылғы наурызда жаққанын анықтаған. Тергеушілердің айтуынша, екі айдан соң мамыр айында тағы бір Молотов коктейлін жасап, қараусыз қалған ғимаратта пайдаланған.

Ал мамырдың соңында не маусымның басында олар "аммокиса" жарылғыш затын жасап, жарып жіберген. Тергеушілер "жарылғыш заттың" қаншалық мықты екенін айтпады, тек антисептик таблеткалардан дайындалатын жеңіл құрылғы екенін хабарлады.

Бұл үшеуінің қауіпті қызметпен айналысқанын бекіте түсу үшін тергеушілер олардың Telegram және Vkontakte әлеуметтік желілерінде америкалық рок-музыкант Курт Кобейн мен оның "қатігез революция күресін", Франциядағы "сары жейде" қозғалысын, Беларусьтегі үкіметке қарсы наразылықтарды, патша заманындағы ресейлік анархист Петр Кропоткинді қолдап жазған хаттарын келтірген.

"ТЕРГЕУШІЛЕР ОҚУШЫЛАР СӨЗІН БҰРМАЛАҒАН"

Үш оқушының ата-анасы мен мектеп қызметкерлері оларды талабы бар, бірақ сотқар әрі анарихизмге бейім деп сипаттады.

"Олар әдеттегідей басқа балалар сияқты қарапайым бала болды. Кейбірінің ата-анасы тарапынан дұрыс бақылау болмаған сияқты. Олар дөрекі болатын, кейде мектепте мінез көрсететін" дейді мектеп директоры Азат Мифтахов. "Тергеудің жалғасып жатқаны балалардың айыпты екенін білдіреді. Менің ойымша солай".

Ұлдар химияға қызығатынын ата-аналарынан жасырмаған. Денистің анасы Светлана Михайленко "Настоящее время" телеарнасына олардың пиротехникамен әуестенетінін білгенін айтқан.

"Мен баламның тіпті олар бомба жасап жатқанда да қайда жүргенін, білетінмін. Бірақ бұл балалық ойын ғой" дейді ол.

Денис Михайленконың балалық шағында түскен суреттері.
Денис Михайленконың балалық шағында түскен суреттері.

Светлана Михайленко тергеушілердің оқушылардың айтқандарын бұрмалап жібергенін айтты. Олар "бомбочка" деген сөзді "бомба" деп алып, оларды дайындау үшін қажет материалдар санына назар аударып кеткен.

16 сәуірдегі сот отырысынан кейін Никитаның анасы Анна Уварова ұлы ұсталғаннан кейін тергеушілердің кешкі 9-дан таңғы 5-ке дейін үйді тінтігенін айтып, олар қайтарып берген ойыншық мушкетті (мылтық – ред.) көрсетті.

Бірақ олар үш оқушыға қарсы іс басталғанын түсінгенде, "олардың телефонын" қарап, "Молотов коктейлін" жарған видеоны көрген.

"АТА-АНАНЫ БАЛАСЫН КІНӘЛАУҒА МӘЖБҮРЛЕГЕН"

Үш жасөспірімге қарсы істе заттай дәлел – қару да, жарылғыш заттар қоймасы да жоқ.

Уваровтың өкілі, Ресей заңгерлік қорғау ұйымының адвокаты Владимир Васин бұған дейін "Молотов коктейлін" жарған бір белсендінің он жылға түрмеге қамалғанын айтып, ол жолы ешкімге залал келмегенін алға тартты.

Ресейлік заңгер Владимир Васин.
Ресейлік заңгер Владимир Васин.

"Балалар расымен химикаттан бірдеңе дайындаған және бірдеңемен ойнаған. Бірақ олар жазық жерге барып, сол жерде жарған. Оқушылардың бірі тарихты, екіншісі химияны жақсы көретін. Менің білуімше, менің клиентімнің ойында ештеңе болмаған" дейді Васин.

Оның айтуынша, Ресей прокурорлары үшін "кінәні мойындату дәлел іздеуден де" маңыздырақ.

Baza сайтының хабарлауынша, ФСБ ғимаратына үнпарақ жабыстырғаны үшін ұсталғанда болған алғашқы тергеуде Михайленко мен Андреев "қысым, қоқан-лоқы, уәде" арқылы "лаңкестік әрекетті ұйымдастыру мақсатында дайындықтан өткенін" айтып, кінәсін мойындаған.

Содан кейін олар сөзінен тайқып шықты. Ал Михайленконың анасының сөзінше, тергеушілер ата-аналарды алдап, балаларын кінәлауға мәжбүрлеген.

Уваровтың ата-анасының айтуынша, ұлы кінәсін мойындамағандықтан, ФСБ оны ешқашан болмаған "топ лидері" деп таныған және оны бірден қамауға алған. Оның қамауда отырғанына 11 айдан асты.

БАСҚА ІСТЕРМЕН САЛЫСТЫРУ

Көбі бұл істі лаңкестікке айыпталып, ұзақ уақытқа түрмеге жабылған биліктің ұстанымына қарсы пікірдегі жастардың басқа да істерімен салыстырады.

Ең жарқын мысал – үш жасөспірім үнпарақта қолдау білдірген Мәскеу мемлекеттік университетінің аспиранты Мифтахов.

Қаңтарда 25 жастағы жігіт "бұзақылық" бабымен 6 жылға түрмеге қамалды. 2018 жылы ол Мәскеуде "Единая Россия" партиясының ғимаратын өртеп жіберді деп айыпталған еді.

Мемориал құқық қорғау ұйымы оның денесінде қинаудың белгілері болғанын, өзіне тағылған айыпты мойындамаған Мифтаховты тергеушілер кінәсін мойындату үшін қинаған болуы мүмкін екенін айтты.

2020 жылы 8 қыз-жігіт "Новое величие" экстремистік тобын құрды деген айыппен кінәлі деп танылды. Бұл топтың президент Владимир Путиннің үкіметін құлату үшін құрылғаны айтылды. ФСБ агенті олардың чатына кіріп, топты саяси қозғалысқа айналдыруды сұрағаннан кейін олардың 8-і шартты түрде 4 жылдан 7 жылға дейін түрмеге қамалды.

2019 жылы ұйымның тағы бір мүшесі тергеушімен келісімге келген соң 18 айға түрмеге қамалды. Тағы біреуі елден кетіп, Укаринадан пана сұрады. Осы он адамның бәрі саяси тұтқын саналады.

2020 жылы Пенза облыстық сотының шешімімен "Желі" тобын құрған 7 белсенді 6 жылдан 18 жылға дейін түрмеге қамалды. Олар Ресейедегі президент сайлауы және 2018 жылы футбол чемпионаты кезінде елді тұрақсыздандыру үшін террор актісін жоспарлағаны үшін кінәлі деп танылды.

Айыпталушылардың бәрі мұндай топтың ешқашан болмағанын, бірақ өздерінің фашистерге қарсы екенін айтты. Олар бірге жай ғана атыс ойындарын ойнаған. Жастардың бірнешеуі оларды кінәсін мойындату үшін қинағанын айтқан.

Құқық қорғаушы топтар бұл істердің бәрін саяси пікір білдіріп жүрген, үкіметтің ұстанымына қарсы шыққан басқа адамдарға ескерту ретінде билік әдейі жасап отырғанын айтты.

ЖАҒДАЙДЫ ҚАЛАЙ ШЕШУГЕ БОЛАР ЕДІ?

Бүгінде Никита Уваров, Денис Михайленко, Богбан Андреев күні белгіленбеген сот отырысын күтіп қамауда жатыр.

Уваровтың адвокаты Васин істің бәрі қолдан жасалды дей алмайтынын, бірақ кейінгі бірнеше жылда Красноярск өлкесінде жасөспірімдердің үш рет лаңкестік үшін айыпталғанын айтты.

Ол жастардың қатысуымен болатын мұндай жағдайды барынша елестетуге тырысатынын айтты.

"Әріптестеріммен қалай істеуге болатынын талқылап көрдік. Бәрімен сөйлесіп, жағдайды анықтау үшін полицияны балалар бөлмесіне шақырып немесе мектеп директорын кездесуге шақыру керек пе еді. Бірақ мұның орнына бірден тергеу басталды. Екі күн тергеу, үшінші күн тергеу. Үздіксіз тергеу", дейді ол.

Васин он жыл бұрын жағдай белбеумен (ата-ананың баласын жазалауы) шешілетінін, ал қазір "жағдай мүлдем басқа және енді бұдан да нашар болатынын" айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG