"C5+1" форматы АҚШ пен Орталық Азиядағы постсоветтік бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды біріктіреді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио осы аптада Самарқанда осы бес елдің лауазымды тұлғаларымен екіжақты кездесулер өткізбек.
"Мемлекеттік хатшы Рубио Өзбекстанда "C5+1" форматындағы министрлер кездесуіне осы дипломатиялық платформа аясындағы стратегиялық серіктестіктің АҚШ пен Орталық Азия елдерінің неғұрлым бейбіт, баянды болашағын қамтамасыз етудегі маңызын атап өту үшін қатысады" деген АҚШ мемлекеттік департаменті 13 қазандағы мәлімдемесінде.
Осы сапарында Рубио 200-ден астам бизнес өкілінен құралған америкалық іскерлік делегацияға жетекшілік етеді. Бұл АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нығайғанын білдіреді дейді мемлекеттік департамент.
Рубио Орталық Азияға аймақтағы сирек кездесетін маңызды минералдарға, энергетикалық ресурстар мен көлік дәліздеріне Вашингтонның назары артқан шақта барғалы отыр. Аймақ елдері де сыртқы серіктестерін әртараптандырып, дәстүрлі державаларға тәуелділікті азайтуды көздейді деп жазды Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Алекс Рауфоглу.
Өңір елдері бұрыннан бар ықпал ету орталықтарына тәуелділікті азайту үшін сыртқы саяси және экономикалық серіктерінің ауқымын кеңейтуге мүдделі.
"Трамп әкімшілігі өзінің және АҚШ-тың мүдделеріне, Қытаймен жаһандық бәсекеге ерекше назар аударады", – дейді The Atlantic Council-дың штаттан тыс сарапшысы әрі халықаралық салық және инвестициялар орталығының энергетикалық өсім мен қауіпсіздік бағдарламасының басқарушы директоры Ариэль Коэн Азаттыққа.
"Географиялық орналасуы, жас халық саны, дамып келе жатқан нарықтары, бай табиғи ресурстары, соның ішінде энергия көздері – мұнай, газ, уран, шикізат материалдары мен стратегиялық маңызды минералдары Орталық Азияны Америка Құрама Штаттары үшін өте маңызды етеді", – деп есептейді ол.
АҚШ-тағы Хадзон институтының аға ғылыми қызметкері Кен Мориясу мемлекеттік хатшы Рубионың бұл сапарын АҚШ пен Орталық Азия арасындағы жаңа ынтымақтастық кезеңінің бастауына теңеді.
"Бұл сапар АҚШ пен Орталық Азия елдері арасында бұрын-соңды болмаған өзара іс-қимылдың тың қадамы болмақ" деді сарапшы Азат Еуропа/Азаттық радиосына сұхбатында.
Ресейдің соғысы Вашингтонға мүмкіндік ашты
Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы Мәскеудің назары мен ресурстарын басқа жаққа бұрып, өзге державаларға Орталық Азиямен байланысты тереңдетуге мүмкіндік туғызды дейді сарапшылар.
Ал Қытай бұл уақытта сауда, инфрақұрылымға инвестиция салу және "Бір белдеу – бір жол" бастамасы арқылы аймақтағы ықпалын кеңейтті. Мориясудың айтуынша, Орталық Азия үкіметтері Мәскеуге тәуелділікті Пекинге тәуелділікке алмастырмай, осы қарым-қатынастар арасындағы теңгерімді сақтауға тырысады.
"Орталық Азия елдерінің Ресей үстемдігінен шығып, оны Қытай үстемдігіне алмастыруға аса құлқы жоқ" деп түсіндірді ол аймақ елдері астаналарының неліктен Вашингтонмен және еуропалық серіктестермен жақынырақ байланыс орнатуға ұмтылып жатқанын.
Оның пікірінше, АҚШ-тың мақсаты – аймақты Ресейден немесе Қытайдан бас тартуға мәжбүрлеу емес, керісінше, Еуразияның осы бір стратегиялық маңызды бөлігінде Американың тұрақты әрі салмақты ойыншы ретінде қатысуын қамтамасыз ету.
"АҚШ бұл елдердің Ресейді я Қытайды сынап, бағытынан тайып, толықтай Батыстың одақтасына айналуын талап етпейді. Мысалы, оларға Қазақстан мен Өзбекстанның НАТО мүшесі болғаны да қажет емес" деді Мориясу.
Оның орнына, экономикалық және дипломатиялық байланыстарды нығайту Вашингтонға өнім жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сауда мүмкіндіктерін кеңейтуге және жеке бір державаның бүкіл аймақта шексіз басымдыққа ие болуына жол бермеуге септеспек.
Сауда, пайдалы қазбалар және өңірлік байланыс
200-ден астам бизнес өкілдерінен тұратын делегацияның сапары АҚШ әкімшілігінің коммерциялық дипломатияға басымдық беріп отырғанын аңғартады. Вашингтон бұл ынтымақтастық түрлі салада инвестициялық және іскерлік келісімдерге ұласады деп үміттенеді.
Маңызды пайдалы қазбалар күн тәртібінің өзегі болғанымен, Орталық Азияның стратегиялық құндылығы Қытай, Ресей, Оңтүстік Азия және Еуропа арасындағы географиялық орналасуында жатыр. Аймақ үкіметтері Ресейді айналып өтетін балама жолдар іздестіріп жатқандықтан, халықаралық нарықтармен байланыстыратын көлік дәліздерінің маңызы күрт өсті.
Мориясу Орталық Азияны Каспий теңізі мен Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропаға жалғайтын Орта дәлізді осы стратегиялық бағыттың бір тармағы ретінде атап өтті. Аталған бағытта америкалық корпоративтік сектордың көбірек тартылуы АҚШ-тың аймақтағы ұзақ мерзімді экономикалық мүдделерін бекемдей түседі.
Сапардың қаншалықты сәтті болатыны дипломатиялық белсенділіктің жай ғана жоғары деңгейдегі басқосумен шектелмей, нақты инвестициялық міндеттемелер мен тұрақты сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ұласа алуына байланысты болмақ.
Ташкент Вашингтонмен байланысты нығайтуға мүдделі
"C5+1" кездесуін өткізу Өзбекстанға Вашингтонмен қарым-қатынасын нығайтуға әрі аймақтық дипломатиялық орталық ретіндегі мәртебесін көтеруге жақсы мүмкіндік береді.
Өзбек президенті Шавкат Мирзияев АҚШ-пен байланысты кеңейтуге бірнеше рет талпынған. АҚШ тарапының мәліметінше, Вашингтон биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитіне Шавкат Мирзияев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты шақырған.
Мұндай дипломатиялық әрекет АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық Азияға сапарлап баруы мүмкін деген болжамды үдетті. Егер ол шындыққа айналса, бұрын-соңды болмаған оқиға болар еді: бұған дейін АҚШ-тың билікте отырған президенті Орталық Азияға барған емес. Әйткенмен әзірге ондай сапар жоспарланғаны ресми түрде расталған жоқ.
Мориясудың болжамынша, Рубионың сапарынан кейін Орталық Азия көшбасшылары G20 жиынына қатысып, келесі жылдың басында АҚШ президенті сапармен барып қалуы да мүмкін. Ол сондай-ақ АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Қазақстанның вице-президенті деңгейіндегі тұрақты байланыс арнасын құру мәселесі талқыланып жатқанын айтты. Мұндай қадамдар Вашингтонға аймақ басшыларымен тұрақты диалог құруға мүмкіндік берер еді, алайда бұл әзірге нақты шешілген мәселе емес, болашақта болуы ықтимал долбар ғана.
Әзербайжан бұл форматқа қосыла ала ма?
Америкалық сыртқы саясат кеңесінің аға ғылыми қызметкері әрі Орталық Азия және Кавказ институтының бағдарламалар директоры Лаура Линдерман "C5+1" кездесуіне Рубионың қатысуын оң қадам деп бағалады.
Оның пірікінше, Әзербайжанды қосып, бұл форматты "C6+1" шеңберіне дейін кеңейту ынтымақтастық ауқымын арттыра түспек.
"Егер АҚШ форматты кеңейтіп, оған Әзербайжанды қосып, "C6+1" деңгейіне жеткізсе, бұл шара бұдан да үлкен жетістік ретінде бағаланар еді" деді Линдерман Азат Еуропа/Азаттық радиосына.
Ол Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы экономикалық, географиялық және мәдени-гуманитарлық байланыстар артып келе жатқанын, әсіресе Каспий теңізі арқылы өтетін көлік дәліздерінің маңызы күшейгенін атап айтты.
Әйткенмен, АҚШ Әзербайжанды бұл форматқа қосу мәселесін әзірге ресми түрде жариялаған жоқ. Линдерманның пікірінше, аймақ елдері өз сыртқы саяси басымдықтарын айқын түсінеді және қазіргі сәтті Вашингтонмен ынтымақтастығын тереңдетудің оңтайлы мүмкіндігі ретінде қарастырады.
Өзбекстаннан кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Үндістанның Мумбай және Джамнагар қалаларына барады. Бұл Рубионың биыл Үндістанға жасаған екінші ресми сапары болмақ. Ол елде үкімет өкілдерімен және бизнес жетекшілерімен кездесіп, АҚШ-Үндістан стратегиялық серіктестігін, өңірлік және жаһандық даму мәселелерін, энергетикалық ынтымақтастық пен коммерциялық инвестицияларды талқылайды деп жоспарланған.
АҚШ пен Орталық Азия елдерінің диалог алаңы
АҚШ пен Орталық Азияның бес мемлекеті арасындағы жоғары деңгейдегі өзара ықпалдастықтың негізгі алаңы саналатын "C5+1" форматы 2015 жылдың қарашасында Самарқанда құрылған. Сыртқы істер министрлері деңгейінде өткен алғашқы кездесуге сол кездегі АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри қатысты. Одан кейінгі жылдары да "C5+1" форматында кездесулер АҚШ мемлекеттік хатшысы мен аймақ елдерінің сыртқы істер министрлерінің қатысуымен бірнеше рет өткен.
Ал мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы "C5+1" саммиті 2023 жылғы 19 қыркүйекте Нью-Йоркте, БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы өтіп жатқан шақта болды. Ол кездесуге сол кездегі АҚШ президенті Джо Байден мен Орталық Азия елдерінің президенттері қатысып, қауіпсіздік, сауда-экономикалық ынтымақтастық, энергетика және маңызды пайдалы қазбалар мәселелерін талқылаған. Сол жолы Вашингтон аймақтың қауіпсіздігіне бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтатынын, өңірдегі бес елге пайдалы қазба кеніштерін игеруге және энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға көмектесетінін мәлімдеген еді.
Саммит қарсаңында Human Rights Watch, Amnesty International сияқты бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымы АҚШ үкіметін жиында Орталық Азиядағы адам құқығы мәселесіне назар аударуға үндеген. Human Rights Watch мәлімдемесінде Орталық Азияда репрессия, БАҚ пен билік сыншыларына қысым күшейгенін айтқан.
"C5+1" форматының екінші саммиті былтыр Вашингтонда өтті. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Орталық Азияның бес мемлекетінің президенттері қатысқан кездесуде аймақ пен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың "жаңа дәуірі" басталғаны айтылды. Трамп АҚШ-тың Орталық Азиямен қарым-қатынасын бұрынғыдан да берік етуге бейіл екенін мәлімдеп, аймақ елдерінің президенттері АҚШ-пен қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталғанына ризашылық білдірген еді. Сол жолы Астана мен Вашингтон Қазақстандағы вольфрам кен орнын игеру жөнінде келісім жасасқанын мәлімдеген. Бұл кен орны әлемдегі ең ірі игерілмеген вольфрам кен орындарының бірі саналады.