14 сарбаздың өмірін қиған Каспийдегі ауыр оқиғадан үш күн өткенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Дәурен Қосановты отставкаға жіберді. Оның орнын бұрын арнайы операция күштеріне жетекшілік еткен Айдос Мырзахметов басты.
Бір күн бұрын қорғаныс министрлігін "кешенді тексеретін" комиссия құрылып, оған өзге жайттармен қатар "әскери құрылымдарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы жағдайға кешенді тексеру" міндеті де жүктелді. Комиссия жұмысының алғашқы нәтижесін жеті күнде жариялауға міндетті. Жексенбі күні жоғары аудиторлық палата қорғаныс министрлігін тексере бастағанын хабарлады.
Әскери жаттығу кезінде қаза болған сарбаздар жексенбі күні мемлекеттік наградалармен марапатталды. Әскери бөлім взводының командирі Олжас Мұхтарұлы – Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, 13 сарбаз Рахымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Бұған қоса, Тоқаев Каспийдегі әскери жаттығу кезінде аман қалған үш сарбазды әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Әлеуметтік желіде сарапшылар мен мамандар Каспийдегі ауыр оқиғаның себебі мен салдарын, қайғылы оқиға қайталанбас үшін қандай шаралар атқарылуы тиіс деген сұрақ төңірегінде пікірлерін айтты. Бұған қоса, министрді алмастыру, жаңа құрылған комиссия жөнінде де ойларымен бөлісті.
ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БЕСІНШІ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев "Жаңа Қазақстанда" бесінші рет қорғаныс министрі ауысып отыр, "қорғаныс министрлердің жиі ауысу фактісі әскери ведомствоның дұрыс істемей отырғандығынан хабар береді" деп жазды.
Әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы "министрді алмастыру" қорғаныс саласында жылдар бойы қалыптасқан мәселелерді шеше ме деген сұраққа жауап іздеуге тырысқан. Ол комиссия асығыс емес, кемі бір жыл істеуі керек деп санайды.
"Алайда армиядағы олқылықтар министрдің ауысуымен түзелмейді. Президент жарлығымен құрылған комиссия бірқатар мәселенің бетін ашар. Бірақ бәрін емес-ау. Өйткені өте тығыз жұмыс істеп жатыр. Әрі қорғаныс министрлігінің жай-күйін тексермек. Яғни бір бағыт қана. Ал еліміздегі әскери құрылымдардың барлығында проблема бар. Сондықтан президент жанынан әскери бөлімдерді кез келген сәтте тексеретін құзіреті бар комиссия құрылып, кемі бір жыл жұмыс істеуі керек меніңше. Ол комиссия армияның да, Ұлттық ұланның да, Шекара қызметінің де бөлімдерін мұқият тексеруі керек. Өйткені әскери құрылымдарының бәрінде оқыс оқиға да, адам өлімі де болып жатады. Тозған техника, салдыр-салақ маман бәрінде бар. Адам өмірінің ең құнды қазына екенін түсінетін жауапкершілік көп жерде төмен меніңше" деп жазды.
Журналист Ирина Петрушова “...мәселе елде іс жүзінде кәсіби маман қалмады, ал барлары қазіргі билікке адал емес. Ал қызметке профессионализмі үшін емес, билікке адалдығы үшін тағайындайды – нақтырақ айтсақ, принцип пен ар-ұятқа қарамай, нені бұйрық етеді, соны орындауға дайындығы үшін” деп жазды.
24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты жел кезінде 17 әскери қызметкер (бастапқыда билік 19 деген, кейін ақпаратті түзеді – ред.) суға батып кетті. 14-і қаза болды, үш адам тірі қалды.
25 қыркүйек елде қаралы күн болды.
Оқиғаға байланысты "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Әскери жаттығу кезіндегі сарбаздардың қазасынан соң әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері – барлығы бес адам ұсталды.
КОМАНДИР НЕЛІКТЕН ТАПСЫРМАНЫ ҚАУІПСІЗДІКТЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯДЫ?
Саясаттанушы Досым Сәтпаев "егер тергеу органдары офицерлердің салғырттығын растайтын болса, онда басты сұрақ туындайды: командир неліктен оқу-жаттығу тапсырмасын орындауды адамдардың қауіпсіздігінен жоғары қойды?" деп жазды.
"Шешім қандай тізбекпен қабылданғанын анықтау қажет: ауа-райы мен жұмыс жағдайын кім бағалады, оқу-жаттығуды жалғастыру туралы шешімді кім қабылдады, құтқару қызметі қаншалықты дайын болды, құтқару кеудешелері қолданылды ма және қолданыстағы қауіпсіздік процедуралары неге өнімсіз? Жалпы жаттығулардың орындылығы да маңызды мәселе. Егер бұл тек есеп беру үшін жасалса, онда профанацияға ұқсайды. Егер «генералдарымыз өткен күннің соғыстарына дайындалып жатыр» қағидасы бойынша да жасалса, қазір соғысты жүргізудің әдіс-тәсілдерінің жылдам өзгеруін ескермей – ол да профанация. Онда қорғаныс министрлігіне сұрақтар бар" деп жазды.
Оның ойынша, заманауи армияда тәртіптік шаралардан қорықпай қауіпті операцияны тоқтатудың тетіктері болуы керек.
"Мұндай нәрсе қайталанбас үшін жаза жеткіліксіз. Бізге адам қауіпсіздігі абсолютті басымдыққа ие болатын жүйе қажет. Кез келген оқу-жаттығу алдында міндетті түрде қатерді тәуелсіз бағалау қажет, тәуекел туындаған кезде операцияны дереу тоқтатудың нақты критерийлері анықталуы керек, осы ережелерді бұзғаны үшін командирлердің жеке жауапкершілігі, құтқару дайындығын жүйелі түрде тексеру және кемшіліктерді хабарлағандарды қорғайтын тетік қажет. Бұл трагедияның сабағы қарапайым. Жауынгер оқу бағдарламасын аяқтау үшін тұтынатын материал емес. Армия – адам өмірі жоспарды орындау статистикасының бір бөлігіне айналатын жүйе емес. Әскери тәртіп бұйрықты сөзсіз орындаудан емес, осы бұйрықты берушінің сөзсіз жауапкершілігінен басталады" деп жазды саясаттанушы.