Accessibility links

NCOC-қа салынған экологиялық айыппұл: сот орындаушысының әрекетіне шағым түскен

Қазақстан әділет министрлігі Қашаған операторы North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумынан 2.3 трлн теңге өндіріп алу туралы атқару өндірісі тоқтатылуының себебін түсіндірді.Ведомствоның айтуынша, NCOC мемлекеттік сот орындаушысының әрекетіне шағымданған.

“Қазіргі уақытта NCOC компаниясы мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағымдануына байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан” деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Заңнамаға сәйкес, “сот атқарушылық іс жүргізуді талап еткен жағдайда, атқарушылық іс жүргізу оны сот қайтарғанға дейін тоқтатыла тұрады”.

“Осылайша NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу бойынша жұмыс заңда белгіленген тәртіппен жалғасатынын хабарлаймыз” деді министрлік өкілдері.

Бұған дейін Қазақстан билігі 21 шілдеде Қашаған операторынан 2,3 трлн теңге өндіріп алу бойынша атқару өндірісін қозғаған еді.
NCOC-тың Қазақстан алдындағы қарызы – 2,3 трлн теңге.
Бұған дейін Қазақстан әділет вице-министрі Даниель Ваисов NCOC консорциумы 2026 жылдың 20 шілдесіне дейін айыппұлды өтеуі керек екенін, әйтпесе компаниядан күштеп өндіріп алу шаралары қолданылатынын айтқан еді. Шілде соңында North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының мүлкі мен көліктеріне тыйым салынғаны хабарланған еді.

Қазақстан билігі мен NCOC бірнеше жылдан бері Қашағанда 2022 жылы экологтар анықтаған заңсыздыққа байланысты соттасып келеді. Сол кезде жүргізілген тексеріске қарағанда, NCOC кеніште мөлшерден тыс көп – 1,2 млн тоннадан астам күкірт сақтаған болуы мүмкін. Экологтар сол кезде сонымен бірге NCOC-тың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар жоспарын (лас судың тиісінше тазартылмай құйылатыны және тағы басқа) толық көлемде орындамайтынын да айтқан еді.

NCOC тексерістің нәтижесін даулап, Қазақстан соттарына жүгінген. Алайда бірнеше инстанция, Жоғарғы сот та, Қашағанның шағымдарын кері қайтарды.

Ақпан айында Қашағанды игерушілер экологиялық айыппұлды даулау үшін халықаралық сотқа жүгінген.

Бұған дейін NCOC халықаралық сот Қазақстанға сот аяқталғанға дейін айыппұлды күштеп өндіру шараларын қолдануға тыйым салатын қаулы шығарғанын хабарлаған. Алайда Қазақстан әділет министрлігі шетелдік арбитраждың уақытша шарасы республика заңнамасының міндетті ережелерінен басым еместігін айтқан.

Батыс компаниялары Қарашығанақ пен Қашағанды игеруге 1990-жылдары кіріскен. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында мемлекет пен инвесторлар арасында өнімді бөлу туралы келісімге қол қойылған. Бұл келісімдердің қандай шартпен жасалғаны әлі күнге белгісіз. 2023 жылы көктемде мемлекет компанияларды "тендер тәртібін бұзды", "Қашағандағы мердігер міндеттемесін толық орындамады" деп айыптағаны белгілі болды. Bloomberg агенттігі сол жылы көктемде Қазақстан билігі серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразы болып отырғанын жазды.

Қашаған кеніші соңғы онжылдықтарда ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі ретінде аталады. Оның қоры 9-13 млрд баррель деп бағаланған.
NCOC консорциумының акционерлері – "Қазмұнайгаз" (16,88%), Eni — 16,81%, Shell — 16,81%, ExxonMobil — 16,81%, TotalEnergies — 16,81%, қытайлық CNPC — 8,33%, Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).

Айдар
XS
SM
MD
LG