Accessibility links

Молдова парламенті ТМД-дан шығуды мақұлдады

Молдова парламенті.
Молдова парламенті.

Молдова парламенті ТМД-ны құру туралы келісім мен Достастық жарғысын жою туралы заң жобаларын қабылдады.

Бейсенбі күні бұл шешімді 101 депутаттың 60-сы қолдады деп жазды "Интерфакс". Құжатты негізінен басқарушы "Қимыл мен ынтымақтастық", "Үйдегі демократия" сонымен бірге бұрынғы премьер-министр Ион Кикудың партиясы өкілдері қолдаған.

Коммунистер мен социалистер партиясы келісімнің күшін жоюға қарсы болды. Олар "Молдова ТМД-дан шықса, ел экономикасы үшін салдары жаман болады" деп мәлімдеді.

Келісімнің күшін жою туралы бастама көтерген сыртқы істер министрлігінің айтуынша, ТМД-ның құндылықтары мен принциптерін қазіргі кезде Достастық елдерінің кейбірі сақтамайды.

"Бұған қоса, ТМД келісімін жою – Еуроодаққа қосылу жолындағы табиғи әрі ажырамас қадам" деп жазылған ведомствоның түсіндірме хабарламасында.

Қазіргі кезде Молдова ТМД аясындағы 283 келісімнің 71-ін жойған, тағы 60-ы қаралып жатыр.

"Интерфакстың" жазуынша, Молдова президенті депутаттар қолдаған жобаға қол қойса, сыртқы істер министрлігі оны ТМД-ның атқару комитетіне жөнелтеді. Вена конвенциясына сәйкес, Молдова осыдан кейін 12 айдан соң ТМД-дан шығады.

  • Еуропадағы ең кедей елдердің бірі саналатын Молдова ТМД-ның шараларына 2023 жылдан бері қатыспай келеді деп жазды Reuters.
  • Вице-премьер Михай Попшой бұған дейін Молдованың ТМД-дан шығуы елдің "Еуропаға қарай бағытын нығайтудағы маңызды қадам" деген. Дегенмен Попшойдың сөзінше, азаматтарға пайда әкелетін ТМД-мен бірқатар келісім әлі де күшінде қала бермек.
  • Молдова президенті Майя Санду Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптап, Кремльді Молдованың қазіргі батысшыл үкіметіне нұқсан келтіруге тырысты деп кінәлаған.


This item is part of
XS
SM
MD
LG