Accessibility links

Молдова парламенті орыс тіліне ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесін қайтарды 


 Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент жиыны. Кишинев, Молдова. 16 желтоқсан, 2020 жыл.
 Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент жиыны. Кишинев, Молдова. 16 желтоқсан, 2020 жыл.

Басым бөлігі биліктен кететін президент Игорь Додонның жақтастарынан тұратын Молдова парламентінің депутаттары сәрсенбіде еуропашыл бағытты қолдайтын оппозиция өкілдері "зиянды" деп атаған бірнеше заң жобасын мақұлдады.

Бойкот жариялаған оппозиция депутаттары отырысқа қатысқан жоқ.

Қабылданған заң жобаларының арасында орыс тілін Молдовадағы ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп бекітетін заң жобасы да бар.

Жаңа ережеге сәйкес, азамат талап етсе, мемлекеттік қызметкер оның сұрағына орыс тілінде жауап беріп, қажет ақпаратын орыс тілінде беруі тиіс. Бұған қоса, дәрі нұсқаулықтары, елде өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызмет атаулары, мемлекеттік мекемелердің маңдайшасындағы жазулар орыс тілінде де қатар жазылуы керек. Елдегі мемлекеттік тіл "латын графикасы негізіндегі молдован тілі" болып қала береді, мемлекеттік қызметкер ол тілді білуге міндетті.

Молдовада Совет одағы кезінде қабылданған заңда орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі деген мәртебеге ие болған. Алайда кейінірек Конституциялық сот бұл заңды "ескірген заң" қатарына қосқан.

Бұған қоса, парламент Ресей телеарналарының кейбір хабарларын трансляциялауға тыйым салатын заңның да күшін жойды. "Ресей пропагандасына тыйым салу заңы" деп аталып кеткен бұл құжат парламентте еуропашыл күштер басым болған 2017 жылы қабылданған.

Жақында Молдова президенті болып сайланған Майя Сандудың жақтастары "сайлаушылардың көзқарасын білдірмейтін" парламентті тарату керек деп санайды. Алайда парламенттегі оппозицияның үкіметке сенімсіздік білдіру, не басқа жолдармен парламентті тарату талпынысы нәтиже берген жоқ. Бір аптадан кейін қызметіне кірісетін Майя Санду қарсыластары құрған үкіметпен билікті бөлісуге мәжбүр болмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG