Accessibility links

Монакода тұрғын үйде жарылыс болды, билік оны "қасақана жасалған" деп атады

Монако көрінісі (архивтегі фото)
Монако көрінісі (архивтегі фото)

29 маусым күні кешке Монакодағы тұрғын үйлердің бірінде белгісіз біреу рюкзак қалдырып кеткеннен кейін жарылыс болып, салдарынан үш адам зардап шеккен, олардың екеуінің жағдайы ауыр, деп хабарлады Батыс медиасы. Монако билігі бұл оқиғаны қасақана жасалған әрекет деп атады, деп жазды Franceinfo басылымы AFP агенттігінің хабарына сүйеніп.

Жарылыс кешкі сағат тоғыздың шамасында әулие Луи Фролл көшесіндегі тұрғын үйде болған. Бұл аудан Франциямен шекараға жақын орналасқан. Оқиға орнына полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары барған. Күдіктіге іздеу жарияланып, қаладан шығатын жолдар жабылған.

Монако князьдігінің мемлекеттік министрі Кристоф Мирманның айтуынша, жарылғыш құрылғының ішіне болттар мен бытыра салынған болуы мүмкін. Министр бұл – князьдік тарихындағы осындай алғашқы оқиға деп мәлімдеді.

Франция полициясының дерегі бойынша, зардап шеккендер арасында Украина мен Ресей азаматтары бар, деп хабарлады BFM телеарнасы. Ал Nice-Matin сайтының ақпаратына сәйкес, зардап шеккендердің бәрі – Украина азаматтары және бір отбасының мүшелері: жасы 50-60 шамасындағы ерлі-зайыпты мен олардың 13 жасар ұлы. Олар ауруханаға жеткізілген.

"Новини .LIVE" телеграм-арнасының мәліметінше, бұл оқиға украиналық кәсіпкер Вадим Ермолаевқа жасалған қастандық болуы да мүмкін. Ол 2019 жылы Украина азаматтығынан бас тартқан. 2023 жылы Украина президенті Владимир Зеленский Вадим Ермолаевқа қарсы жеке санкциялар енгізген. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін түбектегі алкоголь бизнесін өзге адамдардың атына қайта тіркеп, Ресей заңнамасына сәйкес жұмысын жалғастырған деген күдікке ілінген.

Монакода көп адам зардап шеккенде немесе сондай қауіп туындаған жағдайда қолданылатын арнайы іс-қимыл стратегиясы – "Қызыл жоспар" енгізілді.

Көрші Францияның Ницца қаласының мэрі Эрик Чиотти X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Монакода болған оқиғаны "теракт" деп атады. Ол зардап шеккендерге, олардың жақындарына, князьдік тұрғындарына және құтқару қызметінің қызметкерлеріне қолдау білдірді.

Айдар
XS
SM
MD
LG