Accessibility links

«Бұған дейінгі президент те қазақтың үйіне барып құттықтаған»


Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж (оң жақта) Ақсолтан Қылышұлын Наурыз мерекесімен құттықтай келіп отыр. Улаанбаатар, 22 наурыз 2017 жыл.

Моңғолияда тұратын этникалық қазақ азаматы ұлыстың ұлы күні үйіне ел президенті келетінін екі күн бұрын ғана естігенін айтады.

Моңғолия президенті Цахиагиийн Элбэгдорж наурыздың 22-сі күні Улаанбаатар қаласында тұратын 76 жастағы Ақсолтан Қылышұлының үйіне барып, сол елдегі қазақтарды тікелей эфир арқылы наурыз мерекесімен құттықтады.

Ақсолтан Қылышұлы 53 жылдан бері Моңғолияның білім саласында, ғылым академиясы мен университетінде жұмыс істеп келеді. Қазір жергілікті университеттердің бірінде дәріс оқитын ақсақал ол кездесуде президентпен не туралы сөйлескендерін айтты.

Азаттық: – Үйіңізге Моңғолия президенті келетінін қанша уақыт бұрын білдіңіз?

Ақсолтан Қылышұлы: – Екі күн бұрын айтты. Сол екі күн бойы президенттің келуі кезінде атқарылатын шараларға дайындалдық «қай жерге кім қалай отырадыдан» бастап. Есіктен кірген кезде президент менімен қазақша төс түйістіріп амандасты. Содан кейін қазақ дәстүрімен шашу шашылды. Бұл қалада жасы менен де үлкен қазақ ақсақалдар тұрады. Бірақ не себепті менің үйімді таңдағанын білмеймін. Шамасы, президенттің жанында жүрген жігіттер жөн сілтеген болу керек.

Азаттық: – Президент үйіңізге келген сәтте түсірілген көріністердің бірінде шақша алмастырып отырған сәттеріңізді байқадым. Бұл «шақша алмастыру» дәстүрі нені білдіреді?

Ақсолтан Қылышұлы: – Бұл дәстүр тек моңғол жұртына ғана емес, қазақ халқына да тән дәстүр болатын. Қазақтың «бір атым насыбайдан көңілі қалатыны» осы дәстүрге негізделген. Мағынасы – «жылдан жылға аман-есен жетіп, шақшамызды алмастырып тұрайық» дегенге саяды. Бұл – тек осындай үлкен мерекеде ғана адамдардың бір-біріне көрсететін ізет-құрметі.​

Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж (ортада) сол елде тұратын қазақ Ақсолтан Қылышұлының жұбайымен шақша алмасып отыр. Улаанбаатар, 22 наурыз 2017 жыл
Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж (ортада) сол елде тұратын қазақ Ақсолтан Қылышұлының жұбайымен шақша алмасып отыр. Улаанбаатар, 22 наурыз 2017 жыл

Азаттық: – Президент пен екеуіңіздің араңыздағы әңгіме қай тақырыпта өрбіді?

Ақсолтан Қылышұлы: – Алғашқы аман-сәлемнен кейін президент осында тұратын қазақ халқына арналған құттықтау сөзін тікелей эфир арқылы жолдады. Құттықтауды жолдау үшін жергілікті бес телеарна өкілдері алдын ала келіп дайын тұрған. Содан кейін дастархан басында менің өмірбаяныма қатысты сұрақтар қойды. Наурыз күні қазақ халқы атқаратын дәстүрлердің барлығын президентке көрсеттік.

Азаттық: – Әдетте кей елде президент халықпен кездесетін кезде сөйленетін сөз, айтылатын әңгіме, қойылатын сауалдар алдын ала әзірленеді. Сіздерде ондай дайындықтар болды ма?

Ақсолтан Қылышұлы: – Жоқ. Маған тек наурыз күні орындалатын ұлттық салт-дәстүрлерге дайындалуым керек екенін ескертті. Дастархан басында жеке басқа қатысты әңгіме ғана өрбіді. Саясатқа, осында тұратын қазақтар мәселесіне қатысты сөз қозғамадым. Өйткені бұл ресми кездесу емес.

Азаттық: – Моңғолияда Элбэгдоржыға дейінгі президенттердің қазақтардың үйлеріне барып, Наурызбен құттықтаған оқиғалары болып па еді?

Ақсолтан Қылышұлы: – Иә, болған. Элбэгдоржының алдындағы президент Намбарын Энхбаяр деген азамат та дәл осылай қазақ отбасына барып, сол жерден Моңғолиядағы қазақтарды ұлттық мерекесімен құттықтаған еді.

Цахиагиийн Элбэгдорж бір елдің төрағасы, былайша айтқанда патшасы ғой. Оның қазақ ауылына, қазақтың үйіне, біздің шаңыраққа келуі үлкен қуаныш болды.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG