Accessibility links

Мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асты

Шикі мұнай тиеген танкер
Шикі мұнай тиеген танкер

9 наурыздағы сауда-саттық басталғанда Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 120 долларға жетеқабыл болып, кейін қайта төмендеді. Ал West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнайдың бағасы барреліне 119 долларға жетті. Бірақ ол да сауда барысында кейін шегінді. Бірақ сонда да шикі мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы 100 доллардан түскен жоқ.

Мұнай бағасының күрт көтерілуіне Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы себеп болды. 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операция бастаған. Қарымта қайтарған Иран айналасындағы елдердің инфрақұрылымдары мен әскери нысандарды атқылады. Демалыс күндері Америка Құрама Штаттары мен Израиль Тегеранға жаңа соққы жасаған.

Әлемдік нарықтағы мұнай тасымалының маңызды бөлігі – Ормуз бұғазы іс жүзінде жабық, оны Иран бөгеп отыр. Әлемдегі барлық мұнайдың шамамен 20%-ы осы бұғаз арқылы өтеді. Қазір онда миллиондаған баррель мұнай мен сұйытылған табиғи газ тұрып қалған.

Бұғаздағы жағдайға байланысты Біріккен Араб Әмірліктері мен Кувейт мұнай өндіруді қысқартатынын мәлімдеді, себебі мұнай мен газды сатып алушыларға жеткізу мүмкін болмай отыр, ал көп мұнайды сақтайтын орын жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, егер Ормуз бұғазы наурыз айының соңына дейін бөгеліп тұрса, мұнай бағасы жаңа антирекорд орнатып, барреліне 150 доллардан да асып түсуі мүмкін.

Қазақстан бюджетінің басым бөлігі мұнай сатудан түседі. 2026-28 жылдарға арналған бюджетте мұнай баррелінің бағасы 60 доллар деп есептелген. Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылғы 6 наурыздағы есебінде мұнай бағасы қатты өсе қоймайды, тек осы жылдың алғашқы жарты жылында болжалды бағадан сәл жоғары болады деп болжаған. Ал экономист Қажыгелді Шамбыл Азаттыққа мұнай бағасының өсуі Қазақстанға пайда әкелмейді деген пікір айтқан.

XS
SM
MD
LG