Мьянмада жер сілкінісінен қаза болғандар 1644-ке жетті, 3408 адам зардап шекті. Сенбі күні басқарушы әскери хунта Мьянмаға жүздеген шетелдік құтқарушыны кіргізді деп хабарлады Reuters.
Жергілікті мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, қытайлық құтқарушы топ Янгон қаласының әуежайына жеткен. Қытайдың Мьянмадағы елшілігі Пекин құны 13,77 млн доллар болатын көмек беретінін мәлімдеді. Оған шатыр, көрпе, шұғыл медициналық көмек құралдары да кіреді.
Бұған қоса, Янгонға Үндістаннан гуманитарлық жүк тиелген әскери ұшақ қонған. Үндістан үкіметі 40 тонна гуманитарлық жүк тиелген кемелерді жіберетінін де айтты.
Оңтүстік Корея Мьянмаға халықаралық ұйымдар арқылы 2 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек береді. Одан бөлек, Ресей, Малайзия және Сингапур да гуманитарлық көмек пен құтқарушы мамандары бар ұшақ жіберген.
28 наурызда Мьянмада магнитудасы 7,7 болатын қуатты жер сілкінісі болған. Табиғи апаттан әсіресе миллионнан астам халқы бар Мандалай қаласы қатты зардап шекті. Жер сілкінісінің ошағы сол қаланың маңында орналасқан. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, Мьянмада қаза болғандар 10 мыңнан асады.
Мьянманың ұлттық бірлік үкіметінің алдын ала мәліметінше, жер сілкінісінен кемінде 2900 ғимарат, 30 жол мен жеті көпір қираған.
Жер сілкінісі Таиланд, Вьетнам мен Қытайда сезілген. Бангкокта салынып жатқан ғимарат опырылып құлап, 9 адам қаза болған. Жүзден астам адам із-түзсіз жоғалды.