Accessibility links

Мыңнан астам қазақстандық бет-жүзді көрсетпейтін киім кигені үшін жауапкершілікке тартылды

Қазақстанда бет-жүзді көрсетпейтін киім кигені үшін 1179 адам жауапкершілікке тартылды деп хабарлады Polisia.kz сайты.

Мұндай тыйым «Қылмыстың алдын алу туралы» заңның 75-бабының 3-тармағында жазылған. Бет-жүзді көрсетпейтін киім киіп, өзін тануға мүмкіндік бермеу заңбұзушылық болып саналады. Егер адам ауа райы, медициналық жағдай немесе қызметтік міндетін орындау, спорт-мәдени шараларға қатысуына байланысты бет-жүзін жабуға мәжбүр болса, жауапкершілікке тартылмайды.

Тыйымды бұзғандарға айыппұл салу Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында қарастырылған. Заңды алғаш бұзғандарға ескерту беріледі. Бір жылда заңды қайталап бұзғандарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бетті жасыратын киім киюге тыйым салу діни сенімге немесе жеке таңдауға шектеу қою емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты екенін атап өткен.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы наурызда ұлттық құрылтайдың IV отыысында бетті жасыратын киімнің орнына ұлттық ерекшелікті көрсететін киім киюді қолдаған.

"Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек" деді сол кезде Тоқаев.

Конституцияға сәйкес, Қазақстан "демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет". Ата заң азаматтарға сонымен бірге дін еркіндігіне де кепілдік береді.

Айдар
XS
SM
MD
LG