Accessibility links

Наталья Садықова ЕҚЫҰ-ны Садықовтың қазасын тергеуді талап етуге шақырды

"Бәсе" медиасының негізін қалаушылардың бірі Наталья Садықова ЕҚЫҰ жиынында сөйлеп жатыр. Варшава, 13 қазан 2026 жыл.
"Бәсе" медиасының негізін қалаушылардың бірі Наталья Садықова ЕҚЫҰ жиынында сөйлеп жатыр. Варшава, 13 қазан 2026 жыл.

“Бәсе” арнасының негізін қалаушылардың бірі Наталья Садықова 13 қазанда Варшавада ЕҚЫҰ жиынында ұйымды екі жылдан астам уақыт бұрын Киевте өлтірілген оппозициялық журналист Айдос Садықовтың қазасын тергеуді талап етуге үндеді. Ол өз сөзінде Қазақстандағы тәуелсіз журналистикасының ахуалына тоқталды. Одан үзіндіні Respublika.media жариялады.

“Біздің БӘСЕ медиамыз және “Республикадағы” әріптестерімізге үнемі цифрлық шабуыл жасалады. Авторлық құқықты бұзды деген жалған желеу біздің Facebook, Instagram және YouTube-тағы видеоматериалдарымызды бұғаттау үшін пайдаланылады. Біздің мақалаларымызды өшіреді, аккаунттарымызды шектейді. Өзге де тәуелсіз журналистер қысымға ұшырап жатыр. Динара Егеубаева мен Лұқпан Ахмедияров арандату мен саяси сипаты бар қылмыстық істерге кезігеді. Журналистер кәсіби қызметі үшін түрмеде отырмауы керек. Тәуелсіз БАҚ-тың үнін өшірсе, адамдар еркін әрі тәуелсіз ақпаратқа қол жеткізе алмай қалады” деп Наталья Садықова ЕҚЫҰ-ны шара қолдануға шақырды.

Ол авторлық құқыққа қатысты шағымдарды тәуелсіз журналистиканың үнін өшіру мақсатына пайдалануға қарсы тұруға, журналистердің кәсіби қызметі үшін қылмыстық қудалануына қарсы тұруға, қоғамның еркін әрі тәуелсіз ақпарат алу құқығын қорғауға шақырды.

“Және Айдос Садықовтың қазасын әділ тергеуді талап етуге [шақырамын]. Менің күйеуім өлтірілді, бірақ біздің журналистік қызметіміз жалғасып жатыр. Журналистерді өлтіруге, қылмыстық іспен қудалауға немесе шындықты айтқаны үшін тұншықтыруға болмайды...” деді Наталья Садықова.

Журналист Наталья Садықова – Киевте қастандықпен өлтірілген қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықовтың жесірі және Қазақстанға аса танымал тәуелсіз медиалардың бірі – "Бәсе" YouTube-арнасының редакторы.

Ерлі-зайыпты Айдос пен Наталья Садықовтар балаларымен бірге Қазақстаннан кетіп, Украинада босқын мәртебесін алған. Сол елде олар YouTube арнасын құрып, Қазақстан билігін сынаған видеолар, деректер жариялады. Қазақстан билігі Наталья мен Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған.

Айдос Садықовты 2024 жылғы маусым айында белгісіз біреулер Киевте атып өлтіріп кеткен. Өлімші болып жараланған Садықов аурухананың жансақтау бөлімінде бірнеше күн ес-түссіз жатып қайтыс болды.

Наталья Садықова бұл қылмысқа Қазақстан билігін айыптап, оның өлімі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа "пайдалы болды" деген. Астана кісі өлтіруге қатысы жоғын мәлімдеді.

Украина тергеушілері Қазақстан азаматтары Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты журналист Айдос Садықовтың өліміне күдікті деп таныды. Киев ол екеуі 2 маусымда Украина астанасына келіп, жалға алынған пәтерде тұрған, Айдос Садықовты аңдыған және "белгісіз адамнан" кісі өлтіру туралы алған тапсырысты орындауға дайындалған деп хабарлады. Кейінірек Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, полицияға өз еркімен берілді деп мәлімдеді.

Былтыр көктемде Наталья Садықова "Республика" газетіне Қазақстан Алтай Жақанбаевты ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алып, қамаудан босатқанын айтқан. Садықованың сөзінше, Қазақстан билігі Жақанбаев пен Қаратаевты қастандық әрекетімен байланыстыратын дәлелдер жоқ деген сылтаумен істі тергеуден бас тартқан. Биыл сәуірде Қазақстанның Бас прокуратурасы Айдос Садықовтың өліміне қатысты Азаттықтың сауалына берген жауабында "кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын" хабарлады, бірақ қосымша ақпарат бермеді.

Садықовтың өлтірілгеніне екі жылдан астам уақыт болса да, жақындары мен құқық қорғаушылар журналистің қазасы бойынша тергеу жылжымай жатқанын айтады.

Биыл жазда әлем бойынша баспасөз еркіндігі қорғап, журналистерді қолдайтын "Шекарасыз тілшілер" (RSF) халықаралық ұйымы қуғын-сүргінге ұшыраған журналистер жайлы жаңа есебіне қазақстандық оппозициялық белсенді әрі журналист Айдос Садықовтың қастандықпен өлтірілгенін қосқан.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG