Accessibility links

БАҚ: НАТО-дағы ірі елдер ЖІӨ-нің 0,25 пайызын Украинаға бөлу идеясын қолдамады

2025 жылы Гаагада өткен НАТО саммитіне қатысушылар
2025 жылы Гаагада өткен НАТО саммитіне қатысушылар

НАТО құрамындағы бес ірі елі – Ұлыбритания, Франция, Испания, Италия және Канада – альянс елдерін Украинаға әскери көмек көрсетуге ЖІӨ-нің кемінде 0,25 пайызын бөлуге міндеттеу жөнінде Эстонияның жасаған ұсынысын қолдамады. Мұны НАТО-дағы дереккөздеріне сүйеніп британдық The Telegraph газеті жазды.

Басылымының хабарлауынша, Эстонияның ұсынысын одақтастарға таныстырған НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте кейбір одақтастар тарапынан қолдау болмауына байланысты бұл бастама Анкарада өтетін алдағы НАТО саммитінде мақұлданбайтынын айтқан.

Бұл идеяны Украинаны қолдауға ЖІӨ-нің 0,25%-дан астамын жұмсайтын елдер қолдаған. Олардың қатарына Латвия, Литва, Эстония, Нидерланд, Польша және Скандинавияның бірнеше елі бар. Ал, Ұлыбритания, Франция, Испания және Италия тәрізді ірі елдердің қолдауынсыз бұл бастама қабылданатындығына үміт жоқ, деп жазды басылым.

The Telegraph қазір Ұлыбритания Украинаны қолдауға ЖІӨ-нің шамамен 0,1 пайызын жұмсап отырғанын, егер британдық ЖІӨ көлемін ескерер болсақ, абсолютті түрде бұл қомақты қаржы екенін айтады. Алайда Франция, Италия, Испания және Канада сияқты елдер Украинаны қолдайтынын мәлімдеп келе жатқанына қарамастан, айтарлықтай артта қалып отыр.

"Мен Украинаны жоғары бағалайтын елдердің де өз сөзін нақты ақшамен дәлелдегенін көруге аса ынтықпын", деп мәлімдеді Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон журналистерге.

Мақалада АҚШ пен Германияның ұстанымдары жөнінде ештеңе айтылмаған. АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі еуропалық одақтастарды қорғанысқа көбірек ақша бөліп, қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін көтеруге үндеп келеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG