Accessibility links

Навальныйдың "Путин сарайы" жайлы зерттеуіндегі Болат Закариянов кім?


Жемқорлықпен күрес қоры (ФБК) "Путин сарайы" деп атаған нысанның дроннан түсірілген суреті. Геленжик маңы, Краснодар өлкесі, Ресей.
Жемқорлықпен күрес қоры (ФБК) "Путин сарайы" деп атаған нысанның дроннан түсірілген суреті. Геленжик маңы, Краснодар өлкесі, Ресей.

Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры (ФБК) "Путин сарайы" атты жаңа зерттеуінде Ресей президенті Владимир Путин мен оның төңірегіндегілердің көпшіліктен құпия тірлігі жайлы тың деректер келтірген. Кремльдің баспасөз хатшысы "Путиннің ешқандай сарайы жоғын" айтады. Зерттеуде Қазақстанда туып өскен азаматтың есімі де аталады.

19 қаңтар күні ресейлік Жемқорлықпен күрес қоры (ФБК) Краснодар өлкесіндегі Геленжик қаласы маңындағы "Путин сарайы" жайлы жаңа зерттеуін жариялады. Зерттеуде кейінгі жиырма жылдан астам уақыт Ресейдің жоғарғы билігінде отырған Владимир Путин мен оның төңірегіндегі лауазым иелерінің аста-төк байлығы мен "пара беру" схемасы жайлы баяндалады.

Жаңа зерттеу ФБК-ның негізін қалаған ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный тұтқындалғаннан кейін бір тәуліктен соң жарияланды. Әртүрлі фото, құжат көшірмелері мен схемалар келтірілген зерттеудің мәтіні арнайы сайтта көпшілік назарына ұсынылды. Ал YouTube платформасында жарияланған видеосы 18 сағаттың ішінде 17 млн-ға жуық рет көрілді. Видеода жаңа деректерді жұртқа таныстырған Навальный бұл зерттеуді "Ресейге оралған соң жариялау маңызды болғанын" айтады.

Навальный зерттеуінде аталған қазақ. Болат Закариянов кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Былтыр тамызда Ресейде қастандықпен берілген химиялық қару саналатын удан қатты зардап шеккен соң Германияда емделген Алексей Навальныйды өткен жексенбіде Мәскеуге оралған бетте әуежайдан құқық қызметкерлі ұстап, Химкидегі полиция бөліміне жеткізген. Осыған дейін Ресейдің Жазаны орындау жөніндегі федералдық қызметі Навальныйдың шартты жазасын қамауға ауыстыруды талап еткен. Навальныйға "Ив Роше ісі" бойынша сот белгілеген шартты жаза мерзімі былтыр 30 желтоқсанда аяқталған. Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты істің саяси астары бар деп таныған.

Совет диктаторы Сталиннің тұсында саяси репрессия құралы болған жазалаушы орган – НКВД-ны басқарған Генрих Ягоданың суреті ілінген Химкидегі полиция бөлмесінде өткен көшпелі сот Навальныйды 30 күнге тергеу абақтысына қамауға шешім шығарды. Қазір ол Мәскеудегі жұрт арасында "Матросская тишина" аталып кеткен тергеу абақтысында отыр. Навальный түрмеге қамалған күннің ертесіне ФБК "Путин сарайы" атты зерттеуін жариялады.

ГЕЛЕНЖИК ТҮБІНДЕГІ ЗӘУЛІМ САРАЙ

Екі сағатқа жуық деректі фильмде Алексей Навальный Ресей президенті Владимир Путин мен оған жақын лауазымды тұлғалар туралы тың деректер келтіріп, "жемқорлық" схемасы жайлы баяндайды.

Зерттеуде "Путин сарайы" деп аталған нысан Қара теңіз жағалауындағы Идокопас мүйісінде, Геленжикке жақын маңда 2005-2010 жылдары тұрғызылған. Ресей президентіне арнап салынып жатқан бір миллиард доллардың құрылысы жайлы 2010 жылы ресейлік бизнесмен Сергей Колесников мәлімдеген еді. Содан бері ол нысан туралы баспасөз құралдары, соның ішінде Азаттықтың Орыс қызметі (Радио Свобода) бірнеше рет жазған.

ФБК бұл жолы жаңа зерттеуінде "Путин сарайын" тұрғызуға қаржының қалай түскенін, нысанның іші-сырты мен ондағы қымбат заттардың құны қанша екенін көрсеткен.

Зерттеу кіріспесінде "Ресейдегі ең мықты күзетілетін бұл жер іс жүзінде мемлекет ішіндегі мемлекет және де ол ең үлкен путиндік құпия. Оны жүздеген, тіпті мыңдаған адам – аты-жөні белгісіз күзетшілер, бағбандар мен құрылысшылардан бастап Ресейдің ең бай әрі әйгілі тұлғаларына дейін барлығы қызғыштай қориды" делінген. Зерттеуде сарай құрылысын "тарихтағы ең қымбат пара" деп атаған.

ДРЕЗДЕННЕН БАСТАЛҒАН ТАНЫСТЫҚ

Зерттеу осыдан ондаған жыл бұрын болған оқиғаларды, нақтырақ айтқанда, 1980 жылдардың соңында советтік қауіпсіздік қызметінің (КГБ) офицері Владимир Путиннің Дрездендегі (қазіргі Германиядағы қала – ред.) өмірін суреттеумен басталады. Авторлардың айтуынша, Путин сол кезде танысқан кейбір адамдарды қазір де оның төңірегінен көресіз. Олардың арасында "Ростех" басшысы Сергей Чемезов пен "Транснефть" жетекшісі Николай Токарев (зерттеуде оның КГБ-да қызмет атқарғаны, Дрезденде Путинмен бірге жұмыс істегені айтылады) аталады.

Зерттеудің келесі бөлігі 1990 жылдары Путиннің Санкт-Петербург пен Мәскеуде жұмыс істеген кезеңі жайлы баяндайды. ФБК зерттеушілері Путиннің бұрынғы әйелі Людмиланың германиялық құрбысына жазған хаттарын келтіріп, Путиннің отбасымен бірге Еуропада бірнеше рет демалғанын айтады.

Ал 1998 жылы Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (бұрынғы КГБ-ның ізбасары) басшысы болып тағайындалар алдында Путиннің Францияның оңтүстігіндегі курортымен әйгілі Көкшіл жағалауда бірнеше апта демалыста болғаны бұған дейін еш жерде айтылмаған.

39 МОНАКО СЫЙЫП КЕТЕТІН АУМАҚ

ФБК зерттеуін баяндаған Навальный "Путин сарайы" туралы: "Монако княздігін білесіз ғой? Ол шағын, бірақ жеке мемлекет. Ал мына жерге 39 Монако княздігі сыйып кетер еді. Оны ұшқан құс, жүзген балық, жүгірген жануар жоламайтындай етіп салған" дейді. Әйткенмен зерттеу авторларына сарайды дроннан видеоға жазып алудың сәті түсіпті.

Сөйтіп ол жерде өзге нысандармен бірге шіркеу, "шай ішетін үйге" жаяу баруға арналған ұзындығы 80 метр көпір мен жер астында мұз айдыны салынғанын анықтаған. Тіпті жартасты тесіп, сарайдан теңіз жағасына тікелей шығатын тоннель салып қойған.

Әу баста жергілікті табиғат ерекшелігі ескерілмей тұрғызылған сарайдың сырты көгеріп кеткендіктен, қазір қыруар ақшаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған қоса жаңа нысандар да салынып жатыр дейді авторлар.

Зерттеуде сарай кешенінің аумағы 68 гектар, ал оның төңірегіне бөтен ешкімді өткізбейтін "аралық аймақтың" көлемі 7 мың гектар екені айтылған. Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) иелігіндегі осы 7 мың гектар жер сарайға иелік ететін фирмаға жалға берілген. Бұл аумақтың үстінен ұшуға тыйым салынған.

"БАТПАҚ САҚТАЙТЫН ҚОЙМА" ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Зерттеу авторлары "Путин сарайы" құрылысын салуға қатысқан "маңызды мердігерлердің бірінен" нысанның бүге-шігесіне дейін көрсетілген архитектуралық жоспарын алудың сәті түскенін айтады. ФБК ол жоспарды да жариялап, көпшіліктің назарына ұсынды.

Бұған қоса сарайдың ішіндегі аса қымбат жиһаздар мен өзге де заттардың (олардың көбі бұған дейін де белгілі болатын) фотосын жариялады. Осы деректер негізінде сарайдың графикалық моделін жасап, зерттеуде көрсеткен.

Сарайдың ішіндегі ондаған бөлменің арасында "күтуші құрамға – дәрігерлер, басқарушылар, аспаздарға арналған, даяшылар шешінетін, тағам пісіретін бөлмелер, ет пен балық цехы, көкөніс цехы, жұмыртқа өңдейтін бөлме" бар.

"Бізге көлемі 18 шаршы метр "батпақ қоймасы" қатты ұнады" дейді зерттеу авторлары.

ЖЕМҚОРЛЫҚ СХЕМАСЫ МА?

Зерттеудің енді бір бөлігінде сарайды салуға жұмсалған қаржының қайдан келгені айтылады. Авторлар осы іске өзінің қатысы барын мәлімдеген Сергей Колесниковтың сөзін келтірген. Қаржыландыруға Путиннің болашақ құдасы Николай Шамаловтың та қатысы болған дейді ФБК зерттеушілері. Олардың дерегінше, сарай құрылысына ақшаны ірі бизнесмендер арнайы офшор арқылы аударған. Бизнесмендер "Петромед" фирмасына қайырымдылық мақсатқа аударған қаржының 35 пайызы сарай құрылысына жұмсалған. "Бизнесмендер ол ақша Путиннің резиденциясын салуды қаржыландыруға жұмсалатынын білген, яғни бұл – жемқорлық" деп санайды ФБК өкілдері.

2011 жылы сарайды кәсіпкер Александр Пономаренко сатып алды деген ақпарат тараған. Алайда ол бар болғаны 350 мың долларға, яғни бұған дейін баспасөзде айтылғаннан мың есе арзанға сатып алған дейді зерттеу авторлары. Олардың сөзінше, қазір сарайға "Бином" акционерлік қоғамы иелік етеді, ал оны Путиннің туысы Михаил Шеломовпен байланысы бар адамдар басқарып отыр. ФБК зерттеушілері нысанда жұмыс істеген мердігер компанияларды Ресей президенті іс басқармасының ірі мердігері Ася Борисованың фирмаларымен байланыстырады.

Сарай кешеніне бірнеше жүзімдік алқабы да қарайды, оларды қаржыландыруға Путинге жақын адамдар басқаратын компаниялардың (арасында "Транснефть" пен "Роснефть" аталады) қатысы бар дейді зерттеу авторлары.

ЗЕРТТЕУДЕ АТАЛҒАН БОЛАТ ЗАКАРИЯНОВ КІМ?

Навальный Геленжик маңындағы көлемі 17,5 мың шаршы метр болатын сарайдың құнын 1 млрд долларға бағалайды. ФБК зерттеуінде "Путиннің құпия істерін" жүргізгендер қатарында Болат Закариянов деген адам аталады. "Бұл байланыс оған тиімді болды" дейді Навальный.

"Болат Закариянов бір жылдары осы сарайға иелік еткен компанияны басқарған. Кейін ол Путиннің қаулысымен Ресей президенті іс басқармасының қоғамдық тамақтану басқармасы басшысы болып тағайындалды" дейді Навальный.

ФБК зерттеуінде 2015 жылы Геленжиктегі теңіз жағалауына салынған төрт үйдің бірі Закарияновтарға тиесілі екені айтылады.

Интернеттегі ашық дерек көздерінде Болат Закариянов 2015 жылдан бері Ресей президенті істері қоғамдық тамақтану басқармасын басқарады деп көрсетілген. Оған дейін Краснодар өңірі Геленжик қаласында дума төрағасы болған. Ресей президенті істері басқармасына қарайтын сауықтыру кешенінің директоры қызметін де атқарған.

Совет заманында Целиноград қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан) аудандық, облыстық деңгейде басшы қызметте болған Қабыкен Закарияновтың отбасында дүниеге келген Болат Закарияновтың Ресейге қашан кеткені туралы ашық дереккөздерде мәлімет жоқ. Ағасы Төлеген Закариянов қазір Қазақстанның "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ұлттық компаниясын басқарады. Ал інісі Абай Закариянов Ресейде кәсіппен айналысады. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, Мәскеу мен Мәскеу облысында Абай Закарияновтың атына IT, сауда мен медицина саласында жұмыс істейтін бірнеше компания тіркелген.

2017 жылы кейбір басылымдар Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың Мәскеу іргесінде Ильин ауруханасының 50 пайызын сатып алғанын хабарлаған. "Ведомости" басылымының жазуынша, келісімге дейін бұл аурухананың жалғыз иесі Абай Закариянов болған.

100 МИЛЛИАРД РУБЛЬДІҢ САРАЙЫ

Жемқорлықпен күрес қоры зерттеу нәтижесіне сүйеніп, бүкіл құрылысы жемқорлық жолмен алынған ақша салынған сарайдың шынайы иесі – Путин деген қорытынды жасаған. Зерттеу авторларының бағалауынша, зәулім сарайды тұрғызу 100 миллиард рубльге түскен.

Зерттеуде Ресей президенті Владимир Путиннің бұл сарай кешенінде түскен суреті немесе оның осы сарайды пайдаланғанын дәлелдейтін өзге дерек-айғақ жоқ.

Зерттеуде Путиннің танысы Светлана Кривоногих (ол туралы жақында "Проект" зерттеуі шыққан) пен Алина Кабаеваның да есімдері аталады. ФБК зерттеушілері бұл екі адам аса қымбат үйлер мен өзге де мүлікке иелік етеді дейді.

ФБК зерттеуі саяси ұрандармен, Владимир Путин билігімен күрес, сайлауда биліктегі "Единая Россия" партиясына қарсы дауыс беруге үндеумен аяқталады.

КРЕМЛЬ: ПУТИННІҢ ЕШҚАНДАЙ САРАЙЫ ЖОҚ

ФБК қорының жаңа зерттеуіне байланысты "Подъем" басылымының сауалына берген жауабында Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Путиннің ешқандай сарай жоғын" айтқан.

"Әбден жауыр болған тақырып. Путиннің ешқандай сарайы жоқ екенін көп жыл бұрын айтып түсіндіргенбіз" деді Песков.

Кремль бұған дейін де Геленжиктегі сарайға Путиннің қатысы жоқ деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG