Accessibility links

Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары саммитіне Қазақстаннан Назарбаев қатысты


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ташкент әуежайына келген сәт. 28 қараша 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ташкент әуежайына келген сәт. 28 қараша 2019 жыл.

29 қарашада Өзбекстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының екінші консультативтік кездесуі деп аталатын жиын басталды. Ташкенттегі шараға Қазақстаннан қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев емес, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып жатыр.

Ташкентке жұмаға қараған түні ұшақпен барған Назарбаевты әуежайда Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов қарсы алды.

Жұма күні Өзбекстан ресми баспасөзі Ташкенттегі саммитке қатысуға Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов келгенін хабарлады. Ақпаратта Назарбаевты "Қазақстан Республикасының тұңғыш президент - елбасы" деп көрсеткен.

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірінші консультативтік кездесуі 2018 жылы наурызда Астанада (2019 жыылы наурызда қаланың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерген) өткен. Ол саммит Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің бастамасы бойынша өткен болатын. Екінші консультативтік кездесу 2019 жылы наурызда Ташкентте өтеді деп жоспарланған еді. Шілдеде Өзбекстан сыртқы істер министрлігі жиын күзге шегерілгенін хабарлаған.

Қазақстанды үздіксіз 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан, бірақ әлі де билікке ықпал ететін құзыретке ие. Өзі президенттіктен кетпей тұрып заңға енгізген өзгертулерге сәйкес, "Нұр Отан" партиясының 79 жастағы төрағасына Қазақстан Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілген. Заң бойынша, Қазақстанда маңызды мемлекеттік қызметке тағайындауға Қауіпсіздік кеңесінің келісімін алу керек. Бұған қоса Назарбаевқа елбасы (ұлт лидері) деген ерекше атақ берілген. Заңға сәйкес, оның өзін және отбасы мүшелерін азаматтық немесе қылмыстық жауапқа тартуға тыйым салынған.

Қазақстанның бұрынғы президенті бұған дейін де бірнеше рет шетелге ресми сапармен барған. Қазанның ортасында Назарбаев Әзербайжанда өткен Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің саммитіне қатысты, оған осы кеңестің өмір бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілді. Қазанның 21-і күні Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру салтанатына қатысқан шетелдік лауазымды қонақтар арасында Назарбаев та болды. Сол сапарында ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Қазақстан экс-президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Назарбаев "Жапония үкіметінің шақыруы бойынша" барды деп хабарлаған.

Сәуір айында Назарбаев Пекинде өткен "Бір белдеу – бір жол" форумына қатысып, Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездескен.

Вашингтонда шығатын Diplomat басылымы 29 қазанда "Қазақстан Назарбаевтың мемлекеті болып қала береді" деген тақырыппен жариялаған мақалада биыл наурызда қызметінен кеткен Назарбаевтың өзін президент сияқты ұстайтынын, "президент сияқты сөйлейтінін, президенттікімен тең өкілетке ие екенін" жазған.

Оқи отырыңыз: "Қазақстандағы қос президент" немесе билік кімнің қолында?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG