Назарбаевтың күйеу баласы Deutsche Bank-тегі күмәнді операциялар туралы зерттеуде айтылады

Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев.
Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев.

Deutsche Bank-тің 15 млн-нан астам ішкі құжаты сыртқа тарап кеткен. Олардың арасында хаттар, ішкі тексеру материалдары мен есептер бар. Бұл құжаттар банк қаржы операцияларын бақылау және ақшаны жылыстатуға қарсы талаптарды сақтау мәселелерінде олқылықтарға жол бергенін көрсетеді. Бұл туралы әлемнің әртүрлі елдерінен 200-ден астам журналист қатысқан Inside Deutsche атты жаңа зерттеуде айтылады. Материалда белгілі саясаткерлер мен кәсіпкерлердің есімдері аталады. Олардың қатарында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев та бар.

Құжаттарды Deutsche Bank-тен аты-жөнін жарияламаған екі дереккөз алып шыққан. Олар материалдарды үндістандық журналист Джози Джозеф пен Оңтүстік Африка Республикасынан шыққан Хадиджа Шарифеге берген.

«Біз қоғамдық мүддеге қызмет ету ұстанымынан айнымаймыз. Халық банктің заңсыз әрекеттері мен олигархтарға қызмет көрсетуі жөнінде білуге құқылы» деп мәлімдеген аты-жөнін жариялаудан бас тартқан ақпарат көздері.

Құжаттарды зерттеген журналистер Deutsche Bank ықпалды клиенттерге келгенде өз ережелерін айналып өткен, ақшаны жылыстату мен санкцияларды айналып өту белгілеріне көз жұма қараған және күмәнді клиенттерге қызмет көрсеткен деген қорытындыға келген.

Жарияланған материалдардың едәуір бөлігі Кремльге жақын ресейлік олигархтарға банк қызметін көрсетуге арналған. Сонымен қатар зерттеуде Орталық Азиядан шыққан кәсіпкердің де есімі аталады.

Тимур Құлыбаев Inside Deutsche Bank зерттеуінде

Зерттеуде Қазақстанның бұрынғы президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың да аты аталады. Inside Deutsche Bank дерегінше, ол 2006 жылдан бері неміс банкінің клиенті болған.

Құжаттарға сүйенсек, Deutsche Bank қазақстандық кәсіпкердің байлығының шығу төркініне қатысты күмәні болғанын көрсетеді. АҚШ-тың Forbes журналы Құлыбаевтың байлығын 5,4 миллиард долларға бағалайды.

Банктің ішкі құжаттарында 2013 жылы Құлыбаевқа қатысты жүргізілген тәуекелді бағалау барысында «сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірқатар айыптаулар» анықталғаны жазылған. Алайда банктің қаржылық қылмыстарға қарсы күрес бөлімі Құлыбаевқа қатысты сыбайлас жемқорлық істері бойынша айыптау үкімдері жоқ екенін, ал Еуропадағы қылмыстық тергеулердің тоқтатылғанын атап өткен.

Inside Deutsche Bank зерттеуінде айтылғандай, 2020 жылы Құлыбаев Біріккен Араб Әмірліктеріндегі шоттан өз есепшотына түскен 15 миллион доллардың қайдан келгенін тиісті дәрежеде түсіндіре алмаған. Осыдан кейін Deutsche Bank бұл қаражаттың түсуіне тосқауыл қойған. Бірнеше аптадан соң банк қызметкерлері Құлыбаевтың жұбайы Динара Құлыбаеваның атына Люксембургтегі Deutsche Bank бөлімшесінде шот ашуға кіріскен. Тек бірнеше айдан кейін ғана банк Құлыбаевпен ұзақ жылдарға созылған іскерлік қатынасты тоқтату мүмкіндігін талқылаған.

«Азаттық Азия» бұл ақпаратты тәуелсіз түрде растай алмады.

Құлыбаев өзінің заңгерлік компаниясы арқылы қандай да бір заңбұзушылыққа жол бергенін жоққа шығарған. Заңгерлерінің мәлімдеуінше, банк оның табыс көздері туралы хабардар болған. Құлыбаевтың табысы негізінен жұбайымен бірге иелік ететін, Қазақстандағы ең ірі коммерциялық банк – Halyk Bank акционері саналатын «Алмэкс» компаниясынан түседі.

Құлыбаевтың заңгерлері оның байлығының шығу тегін Deutsche Bank-тен жасырды немесе бұл туралы әдейі жалған әрі жаңылыстыратын ақпарат берді деген кез келген болжамды үзілді-кесілді жоққа шығарды деп жазылған зерттеуде.

Deutsche Bank қазіргі немесе бұрынғы клиенттерімен қарым-қатынасы туралы түсініктеме бермейтінін мәлімдеді.

Ресейлік миллиардерлер

Зерттеуде Deutsche Bank Ресей олигархтары Олег Дерипаскаға, Роман Абрамовичке, Геннадий Тимченкоға және Сүлеймен Керімовке де қызмет көрсеткені айтылады.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген кезде Deutsche Bank 59 ресейлік клиентін тәуекелі жоғары санатқа жатқызған. Алайда банк акционерлерге салынған жеке санкциялар олардың компаниядағы жиынтық үлесі санкциялық заңнамада белгіленген шектен аспаса, компанияға қызмет көрсетуге кедергі келтірмейді деп есептеген.

2020 жылы банк Ресейдегі Fren Global офшорлық компаниясының шоттарынан Швейцариядағы шоттарына 1 миллиард еуродан астам қаражат аударуға рұқсат берген. Кейін банк қызметкерлері бұл операциядан түскен түпкілікті пайданы АҚШ санкцияларына іліккен ресейлік миллиардер Сүлеймен Керімов көруі мүмкін деп күдіктенген.

Deutsche Bank клиенттерінің арасында ресейлік «Сибур» мұнай-химия компаниясы мен «Полюс» алтын өндіруші компаниясы да болған. «Сибур» акционерлерінің қатарында санкцияға іліккен миллиардер Геннадий Тимченко және Владимир Путиннің бұрынғы күйеу баласы деп саналатын Кирилл Шамалов болған.

Зерттеу жарияланғаннан кейін Deutsche Bank өкілдері құжаттарда сипатталған оқиғалардың бірнеше жыл бұрын болғанын мәлімдеді. Банктің айтуынша, 2019–2025 жылдары ішкі бақылау жүйесін реформалауға 7 миллиард еуро жұмсалған.

Банк дерегінше, Ресеймен байланысты кредиттік тәуекел көлемі төрт жыл ішінде 3 миллиард еуродан 13 миллион еуроға дейін қысқарған.

Зерттеу жарияланған соң Deutsche Bank тағы да соңғы жылдары түбегейлі өзгергенін, тәуекелдерді басқару жүйесін күшейтіп, корпоративтік мәдениетін жаңартқанын мәлімдеді.

Жарияланымнан кейін Deutsche Bank акциялары биржада 5–6 пайызға арзандаған.

​
XS
SM
MD
LG