Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында Астанадағы орталық мешітке "Нұрсұлтан мешіті" атауы берілді
Мешітке жаңа атау берілгенін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлады. Орталық Азиядағы ең ірі мешіт атанған құлшылық орнын 2022 жылы тамызда бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев ашқан.
Дегенмен ДМДБ хабарламасында атаудың бірінші президентпен байланысы жөнінде ештеңе айтылмаған.
“Жаңа атаумен республикалық Бас мешіт алдағы уақытта да халқымыздың рухани өміріне қызмет етіп, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға, дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтауға және игі бастамаларды дамытуға үлес қоса береді” деп жазылған ҚМДБ хабарламасында.
6 шілде – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Экс-президент 86 жасқа толады. 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың бірқатар артықшылықтары жойылып, оның жеке басын дәріптеу үрдісі тыйыла бастаған еді. Бастапқыда оны сынағандай болған президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі мәлімдемелерінде бірінші президенттің "сіңірген еңбегін" жиі айтып жүр. Былтыр ол бірінші президентті туған күнімен құттықтаған.
Назарбаевтың туған күні қарсаңында Астанадағы орталық мешітке "Нұрсұлтан мешіті" атауы берілді