Алматыда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған DoubleTree by Hilton қонақүйі аукционда сатылды. Сатушы — Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.
Tengrinews мәліметінше, қонақүй 12 млрд 384 млн 291 мың 448 теңгеге (шамамен 27,5 млн доллар) сатылған. Бұған дейін нысанның бастапқы бағасы 38,3 млрд теңге болғаны хабарланған.
DoubleTree by Hilton — Алматы қаласының Досмұхамедов көшесінде орналасқан, аумағы 16 мың шаршы метрден асатын элиталық қонақүй.
Басылымның жазуынша, қонақүйді сатуға үш рет талпыныс жасалған. Алғашқы аукцион 25 қыркүйекте өтіп, өтініш түспегендіктен сауда өтпей қалған. 13 қазанда өткен екінші аукционда жалғыз қатысушы болса да, нысанды сатып алуға мүмкіндік берілген. Алайда бұл жолы да сатып алушы табылмаған.
Үшінші аукцион 29 қазанда өткен. Сол кезде сауда өтіп, қонақүй сатылған.
- Қайрат Сатыбалды 2000 жылға дейін мемлекеттік қызметте болған. Астана әкімінің орынбасары қызметін атқарып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеген. Нұрсұлтан Назарбаев билік құрған жылдары Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ықпалды бизнесмендердің қатарында болған.
- Қайрат Сатыбалды 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін наурызда ұсталды. Сол жылдың қыркүйегінде «Қазақтелеком» мен «Көлік сервисі орталығынан» аса ірі көлемде қаражат жымқыру ісі бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылды. 2024 жылғы тамызда сот жазасының өтелмеген бөлігін пробациялық бақылау белгіленген бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, 2022 жылдан бері Сатыбалды мен онымен байланысты тұлғалар мемлекетке жалпы сомасы 732,8 млрд теңгеден асатын активтер мен қаражатты қайтарған. Бұл шамамен 1,6 млрд долларға тең. Қайтарылған мүлік қатарында «Қазақтелекомдағы» үлес, жылжымайтын мүлік, соның ішінде DoubleTree by Hilton қонақүйінің ғимараты, автокөліктер, зергерлік бұйымдар, корпоративтік активтер және шетелден қайтарылған қаражат бар.