Accessibility links

Непалда жойқын селден кейін 226 белгісіз мәйітті жерлейді

Непал билігі 26 тамызда жойқын сел мен тасқыннан қаза болған 226 белгісіз мәйітті жерлеу туралы шешім қабылдады. Кейінгі бірнеше күнде оларды ешкім келіп алып кетпеген.

Су тасқыны аймағында мәйітханалар толып, көбі сыртта сақталып жатыр. Мәйіттер ыдырап, инфекция қаупіне байланысты белгісіз мәйіттерді жерлеу туралы шешім қабылданған.

Сенбі таңертеңгі мәлімет бойынша, мәйітханаларда 626 мәйіт бар; құтқарушылар зардап шеккен аймақтарда тағы да мәйіттерді тауып жатыр. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен Читван аудандық қауіпсіздік комитеті белгісіз мәйіттер жерленетін зиратқа орын бөлді. Жерлеу рәсіміне дейін барлық құрбандардан ДНҚ үлгілері алынады, алдағы уақытта туыстары келсе, жақындарының қайда жерленгенін анықтай алады.

The Kathmandu Post басылымының хабарауынша, апаттан ең көп зардап шеккен аудандардағы мәйітханалар толып кеткендіктен оларды басқа аудандарға жіберуге мәжбүр.

Шамамен 3 мың адам, арасында 500-ден астам шетелдік бар, із-түзсіз жоғалып кетті. Қызыл Кресттің мәліметі бойынша, апат 90 000 адамға әсер еткен болуы мүмкін. Су мен сел Қытай мен Непал арасындағы шекара өткелін, сонымен бірге тұтас ауылдарды қиратты. Ең қатты зардап шеккен аймақта өзеннің орнында көл пайда болып, жүздеген ғимаратты су басты. Непалдың қаржы министрі Reuters агенттігіне аймақта қалпына келтіру жұмыстарына төрт-бес миллиард доллар жұмсалуы мүмкін екенін айтты.

Непал 669 адамның аты-жөні анықталғанын хабарлады. Бұл көрсеткіш артуы мүмкін. Қытайда жеті адам қаза болған, бірақ Пекин табиғи апаттан қаза болғандардың шын көрсеткішін жасыруы мүмкін деген де қауіп айтылды.

Айдар
XS
SM
MD
LG