Accessibility links

Анатолий Чепиганың жаңа суреттері табылды


Благовещенск қаласындағы жоғарғы әскери училищесін бітірген Анатолий Чепиганың оқу орнындағы "Қаһарман түлектер" стендіндегі суреті мен RT телеарнасына "Руслан Бошировтың" берген сұхбатынан скриншот.
Благовещенск қаласындағы жоғарғы әскери училищесін бітірген Анатолий Чепиганың оқу орнындағы "Қаһарман түлектер" стендіндегі суреті мен RT телеарнасына "Руслан Бошировтың" берген сұхбатынан скриншот.

Азаттық радиосы мен The Bellingcat зерттеу тобы ашық дереккөздерден Ұлыбританияда Сергей және Юлия Скрипальдерді "Новичок" газымен улауға күдікті саналатын Руслан Бошировқа қатты ұқсайтын Анатолий Владимирович Чепиганың бұрын БАҚ бетінде жарияланбаған тағы бір суретін тапты.

Қыркүйектің 5-і күні Ұлыбритания полициясы видеобақылау камерасы түсірген екі ер адамның суретін жариялап, олардың бұрынғы ресейлік барлаушы Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияға 2018 жылы наурыздың 4-і күні жасалған қастандыққа күдіктілер деп жариялады. Полиция мәлімдемесінде олардың Ұлыбританияға "Руслан Боширов" және "Александр Петров" деген адамдардың атына берілген ресейлік паспортпен келгені хабарланды.

Қыркүйектің 14-і, 20-сы және 26-сында Bellingcat зерттеу тобы мен ресейлік The Insider басылымы "Петров" пен "Бошировке" қатысы бар, белгісіз дереккөздерден алынған құжаттарды жариялады.

Ұлыбритания полициясы жариялаған "Руслан Боширов" пен "Александр Петровтың" суреттері.
Ұлыбритания полициясы жариялаған "Руслан Боширов" пен "Александр Петровтың" суреттері.

Оларда Ресей федералдық миграция қызметі (ФМС) "Петровқа" ресейлік паспорт берілгені жазылған жеке деректе "Мәлімет берілмесін" деген мөр басылған және Қорғаныс министрлігіне тиесілі телефон нөмірі бар; сондай-ақ, Ресей азаматы Анатолий Чепиганың "Ресей паспорты" жүйесінен алынған есеп картасындағы суреті "Руслан Бошировке" қатты ұқсайды.

Bellingcat пен The Insider материалдарында Анатолий Чепига ГРУ (реформадан соң – Ресей қорғаныс министрлігі Бас штабының бас басқармасы деп аталады) қызметкері екені айтылған, Благовещенск қаласындағы Рокоссовский атындағы Қорғаныс министрлігінің Қиыр Шығыс жоғарғы жалпы әскери командалық училищесін бітірген (ДВОКУ, 2015 жылға дейін ДВВКУ деп аталған).

2001 жылы училищені бітірген соң ресейлік ГРУ (Бас барлау басқармасы) арнайы қызметінің 14-бригадасына қызметке тұрған, кейін ГРУ қызметкерлерін шетелдегі операцияларға дайындайтын Әскери-дипломатиялық академияға ауысқан.

ДВОКУ аумағындағы маршал Рокоссовскийге қойылған ескерткіш қасындағы тақтайшадағы осы оқу орнын тәмамдаған, СССР батыры немесе Ресей қаһарманы болған көптеген түлектердің суреттерінің арасында Анатолий Чепиганың аты-жөні бар. Анатолий Владимирович Чепига тағы бірнеше дереккөзде Ресей қаһармандары санатына енген: мысалы, оның есімі ДВОКУ түлектері сайтында, 2015 жылы ақпанның 7-сі күні шыққан "Суворовский натиск" газетінде кездеседі.

Амурск облысының ДОСААФ бөлімі сайтында Анатолий Чепиганың Ресей қаһарманы атағын 2014 жылдың желтоқсанында "бітімгерлік миссияны" орындағаны үшін алғаны айтылған. Бұған қарап оны Украинаның шығысындағы оқиғаға байланысты марапатталған деп болжам жасауға болады ("Досье" жобасының журналисі Сергей Канев белгісіз дереккөзге сүйеніп, Чепиганың 2014 жылы Украинадағы Майдан жеңісінен соң бұрынғы президент Виктор Януковичті Украинадан шығаруға көмектескенін айтады).


Ал Ресей президентінің баспасөз-хатшысы Дмитрий Песков қыркүйектің 28-і күні "Бас барлау басқармасының полковнигі Анатолий Чепигаға Ресей қаһарманы атағы берілген жоқ" деп мәлімдеді.

Азаттық радиосы СССР батыры және Ресей қаһарманы атағын алған ДВОКУ түлектерінің аты-жөні Рокоссовскийге арналған ескерткіш қасындағы гранит тақтайға қашап жазылғанымен қоса, суреттерімен бірге училище музейінің қабырғасына ілінгенін анықтады. 1999-2000 жылдары Ресей қаһарманы атағы Шешенстанда қаза тапқан бірнеше ДВОКУ түлегіне берілген, 2012 жылы Дағыстандағы террорға қарсы операцияда қаза тапқан Иван Маслов осы атақты алғанша оқу орны қабырғасында бұрынғы деректер болған.

Алдымен ескі суреттерге Масловтың суреті қосылған, екі жылдан соң – 2014 жылы Анатолий Чепига мен Александр Викторович Поповтың суреттерімен толықтырылған (Попов "әскери борышын өтеу кезінде Отанға сіңірген еңбегі үшін" марапатталған соң қаза тапқан, ол да Украинадағы жағдайға қатысты марапатталған болуы мүмкін).

ДВОКУ тарихының музейіне "көшеден бейсауат кісілерді" кіргізбейді, бірақ онда мектеп оқушылары, кадеттер мен училище түлектеріне арналған салтанатты шаралар мен экскурсиялар жиі өтеді. Интернеттен музей ішіндегі суреттерді көптеп табуға болады, бірақ Азаттық журналистері зерттеу жұмысынан екі күн күн өткен соң (Анатолий Чепиганың командирі болуы ықтимал подполковник Александр Лучайдың әскери оқу орны түлектерінің суреттері ілінген жерде түскен фотосы да кездесті) – мыңдаған суреттерді қарап, бірнеше сағат бойы видеоларды көріп шыққаннан кейін ғана "қаһарман түлектер" стендінің оң жақ бөлігіндегі сурет Анатолий Чепиганың фотосы болуы мүмкін екенін анықтады.

ҚАҺАРМАН ТҮЛЕКТЕР

2011 жылы түсірілген деректі фильмнен тақтаның классикалық түрін көруге болады. Шешенстанда қаза тапқан ДВОКУ түлектерінің фотосын жапсырған музей қызметкерлері стенд жасағанда симметрия сақтауға тырысып, суреттерді төңкерілген "шырша" түрінде қоймақ болғаны байқалады:

Рокоссовский атындағы Қиыр Шығыс жоғарғы жалпы әскери командалық училищесін бітірген қаһарман түлектер.
Рокоссовский атындағы Қиыр Шығыс жоғарғы жалпы әскери командалық училищесін бітірген қаһарман түлектер.

2014 жылы шілденің 27-сі күні ДВОКУ түлектерінің слетінен түсірілген фотода стендтегі симметрияны екі жаңа сурет – Маслов пен Поповтың бейнелері бұзып тұрғанын анық байқауға болады (сурет сапасы нашар болса да оларды ажырату қиын емес, ашық дереккөздерде Ресей қаһарманы атағын алған екеудің суреті жеткілікті):

2016 жылы наурыздың 12-сі күні ДВОКУ музейіне Белогорск қаласының "Әскери бауырластық одағы" мен "Ауғанстан ардагерлері одағы" мүшелері келген. Осы экскурсия кезінде түсірілген суретте Чепига бар – оны Russia Today телеарнасына берген "Петров пен Бошировтың" сұхбаты мен британ полициясы жариялаған суреттердегі өзіне тән кекілінен ажыратуға болады:

2016 жылдың 9-сәуірі – ДВОКУ ашық есік күні. Чепига – өз орнында тұр, бірақ суреттің сапасына қарап ол екеніне 100 пайыз кепілдік беру қиын.

2017 жыл, 23-маусым. Тағы бір түлектер кездесуі. Сурет күңгірт түсірілген, бірақ оны графикалық редактордың көмегімен түсін ашып қараса Чепига жақсы көрінеді. Фамилиясы қысқа (танымал көршілерімен салыстырғанда), аты мен әкесінің есімінің ұзындығы "Анатолий Владимировичке" сай келеді:

Шілденің 26-сы күні "Одноклассники" әлеуметтік желісіне осы кездесуде түсірілген "қаһарман түлектердің" тағы бір суреті жарияланған. Онда Анатолий Владимирович Чепига анық көрінеді, аты-жөні де жақсы оқылып тұр:

Азаттық радиосы Дмитрий Песков Ресей қаһарманы атағынан "айырған" соң Анатолий Чепиганың суреті өз орнында қалды ма, жоқ па деген сауалға ДВОКУ қызметкерлерінен жауап ала алмады. Училище музейіне кіруге мүмкіндігі бар адамдарды ондағы "қаһарман түлектердің" қазір ілулі тұрған суреттерімен бөлісуге шақырамыз, ондай ақпаратты сайттағы байланыс парақшасы арқылы жолдауға болады.

(Марк Крутов пен Сергей Добрыниннің мақаласы орыс тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG