Accessibility links

Норвегияда ханшайымның ұлы әйел зорлау және өзге қылмыстары үшін сотталды

Мариус Борг Хойби
Мариус Борг Хойби

Осло соты Норвегия ханшайымы Метте-Мариттің үлкен ұлы 29 жастағы Мариус Борг Хойбиді екі зорлық қылғаны (басқа екеуі бойынша ақталған), бұрынғы қызы Нора Хаукландқа шабуыл жасағаны, тағы бір қызға ауыр дене жарақатын салғаны, қорқытқаны, мүлікке зиян келтіргені, жол қозғалысы ережесін бұзғаны және басқа да қылмыстар жасағаны үшін айыпты деп танып, төрт жылға бостандығынан айырған. Мұны норвегиялық NRK қоғамдық телеарнасының хабарлады.

Оған барлығы 38 айып тағылған. Прокурор соттан айыпкерді жеті жыл жеті айға бостандығынан айыруды сұраған.

Мариус Борг Хойби – ханшайым Метте-Мариттің бұрынғы некеден туған ұлы. Мариус төрт жасқа толғанда анасы Норвегия тағының мұрагері, ханзада Хойконға тұрмысқа шыққан. Daily Mail газетінің жазуынша, Хойби кейбір жеңіл қылмыстарды мойындап, ең ауыр айыптауларды жоққа шығарған. Үкім шығарылған кезде сот залында болмаған, процеске бейнебайланыс арқылы қосылған.

Өткен аптада Осло аумақтық соты бастапқыда оны дімкәс анасының (өкпе трансплантациясы бойынша кезекке қойылған) қасында болуы үшін қамаудан босатуды мақұлдаған. Прокуратураның бұл шешімге қарсы берген шағымын жоғары сот қолдап, оны қамауда қалдырған.

Қорғаушы тарап сот шешіміне келіспей, оны босатуды талап етпек.

Король отбасы мұның алдында АҚШ-та балаларға жыныстық қылмыстар жасағаны үшін сотталған қаржыгер Джеффри Эпштейннің ісі бойынша құжаттар жарияланғаннан кейін көптің назарына іліккен еді. Құжаттарға қарағанда, ханшайым Метте-Мариттің Эпштейнмен тығыз байланысы болғаны байқалады. NRK арнасына берген сұхбатында Метте-Марит бұған өкінетінін және "оның қандай адам екенін анықтау үшін жеткілікті түрде мұқият тексермегені" үшін жауапкершілікті мойнына алатынын айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG