Accessibility links

Новороссийскіге дрон шабуылы кесірінен КҚК-де мұнай тиеу кідірген

Новороссийск порты (көрнекі сурет)
Новороссийск порты (көрнекі сурет)

Украина күштері Новороссийскідегі теңіз портындағы жанармай терминалына дронмен шабуыл жасағаннан кейін Қазақстанның энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумында (КҚК) мұнай тиеуде уақытша іркіліс болғанын хабарлады. КҚК-ның жүк тиеу жүйелері мен танкерлерін тексергеннен кейін мұнай тиеу жұмыстары әдеттегідей қайта жалғасқан және қазақстандық жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауға ешқандай шектеу енгізілген жоқ деп хабарлады Астана.

Бұған дейін Exilenova+ NASA FIRMS деректеріне сүйеніп, Новороссийскіде 9 қыркүйекке қараған түні жасалған дрон шабуылдарынан бірнеше жерде өрт шыққаны тіркелгенін хабарлаған. Оқырман жіберген кадрларға сүйеніп Astra арнасы да осындай тұжырым жасаған.

Украина дрондары Новороссийскіге шабуылдағанын президент Владимир Зеленский де растап, мұнай терминалы, әскери айлақ нысандары, әскери кемелер және "Калибр" зымыран тасығыштарына соққы берілді деп мәлімдеді.

Қазақстан экспортқа шығаратын мұнайының 80 пайызға жуығын КҚК желісімен жөнелтеді. Ресейдің, Қазақстанның және Батыстың, соның ішінде америкалық мұнай компаниялардың еншілес кәсіпорындарына тиесілі консорциум қазақ мұнайының Ресей арқылы Қара теңіздегі терминалға транзитін жеңілдетеді, ол жерден шикі мұнай танкерге тиеліп, әлемдік нарықтарға тасымалданады.

Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, КҚК инфрақұрылымына жасалған соққылардан кейін америкалық шенеуніктер Украинадан бұл шабуылдарды тоқтатуды сұраған. БАҚ Украина кейбір ресейлік емес мұнай танкерлері мен КҚК нысандарына шабуылдамауға келіскен деп жазған.

Краснодар өлкесінің билігі Новороссийск қаласына 8 қыркүйектің кешінен басталған шабуылдар салдарынан үш жеке үй мен бес көпқабатты үй, православ шіркеуі және балабақша зақымдалғанын, төрт адам (біреуі – бала) қаза тауып, отызға жуық адам жараланды деп хабарлады. Новороссийскіде төтенше жағдай режимі енгізілген.

Украина армиясының дрон күштерінің қолбасшысы Роберт Бровди ("Мадияр") Қара теңізде "бірқатар әскери теңіз құралдарына, соның ішінде зымыран тасығыштарға" шабуыл жасалды деп мәлімдеген. Оның сөзінше, Анапада Су-33 жойғыш ұшағы, Ми-8 тікұшағы және екі радар жүйесі жойылған.

Ресейдің қорғаныс министрлігі Белгород, Брянск, Калуга, Курск, Орел, Орынбор, Ростов, Самара, Тула және Ульяновск облыстары, Краснодар өлкесі, аннексияланған Қырым және Қара теңіз әуесінде 596 украин дроны атып түсірілді деп хабарлады.

Айдар
XS
SM
MD
LG