Accessibility links

Нұрай Серікбайдың қазасы: "салғырттық танытқан" полиция қызметкерлеріне іс қозғалды


Нұрай Серікбай
Нұрай Серікбай

Шымкентте кісі қолынан қаза болған 21 жастағы студент қыз Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты полиция қызметкерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғалды. Олар "салғырттық танытты" деген күдікке ілінді. Бұл жөнінде бейсенбі күні сенат кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді. Іс жәбірленуші жақтың өтініші бойынша некеге мәжбүрлеу бойынша істі тіркемеген полиция қызметкерлеріне қозғалды.

Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрай Серікбайдың ісі туралы айтқан.

"Сол күні (президент тапсырма берген күні - ред.) министрлік тәртіптік комиссия аясында Шымкент қаласының полиция бастығы, оның орынбасары, полиция департаментінің бастығы қызметтерінен босату, сонымен бірге жәбірленушінің шағымы бойынша номенклатуралық істі қозғау және есептен шығару шараларын қолданбаған лауазымды тұлғаларды теріс негіздер бойынша жұмыстан босату туралы шешім қабылдады" деді Әділов. Оның сөзінен "Власть" үзінді келтіреді.

Бұған қоса, оның сөзінше, "салғырттық танытқан" полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовке 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты Шымкент қалалық полиция департаменті қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырған еді. Ол сонымен бірге істі бас прокуратура да мұқият тексеретінін айтқан.

Бұған дейін ІІМ жас қыздың өлімін тексеру үшін "тәжірибелі мамандардан арнайы тергеу тобы құрылғанын" айтқан еді.

11 қаңтарда Шымкентте студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза болды. Желіде тараған видеода жас жігіттің, қызды пышақтап, қашып кеткені байқалады. 13 қаңтарда полиция 28 жастағы күдіктіні Шымкенттен 10 шақырымдай жерден ұстаған. Оның үстінен адам өлтіру бабымен іс қозғалған.

Күдікті — Нұрайдың танысы. Марқұмның жақындары "Курсив" сайтына Нұрай күдіктімен былтыр жазда тойда танысқанын айтқан. Көп өтпей жігіт сөз салып, қазан айында еркінен тыс алып қашқан. Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Қызды полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кетіп, артынша арызданған. Бірақ күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткендіктен, кешірім берген. Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамаған. Бұл бойынша ата-анасы қалалық прокуратура мен полиция департаментіне арызданғаны айтылады. Нұрайдың туысы "прокуратура мен полиция бұл арыз бойынша жұмыс жүргізбеген" дейді. 11 қаңтар күні Нұрай дүкеннен ұн алуға шыққан оны үйін торуылдап жүрген күдікті ұстап алып, артынан қуып, пышақтап кеткен.

XS
SM
MD
LG