Accessibility links

NYT: A7 компаниясы Ресейге санкцияны Қырғызстан арқылы да айналып өтуіне көмектеседі

A7 компаниясының негізін қалаушы Илан Шор (сол жақтан бірінші)
A7 компаниясының негізін қалаушы Илан Шор (сол жақтан бірінші)

Ресейлік A7 компаниясы "ақшаны жылыстату үшін" жалған компаниялар мен криптовалюталарды қолданды, Мәскеу ауқымды санкцияны Қырғызстан арқылы да айналып өту үшін сауда құжатнамасын бұрмалады, деп жазды америкалық New York Times газеті.

Басылымның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы төрт айында A7 компаниясы санкция шектеуіне ілінген құны жарты миллиард доллардан асатын қаржылық операция жасаған. New York Times журналистері A7-ге қатысты компаниялар Қырғызстандағы банктерден алты шот ашып, 100 млн долларға дейін транзакция жасаған.

Санкцияны айналып өтуде әсіресе, "Қырғыз Республикасының сауда компаниясы" ерекше рөл атқарған.

"Қырғыз Республикасының сауда компаниясы" ресми үкіметтік мекемесі көлік кілемшелері, автокөлік жылтыратқышы, қауіпсіздік көзілдірігі және арқан тиелген үлкен партия үшін 1 миллион доллар төледі. Шын мәнінде, бұл ақша Ресейдің әскери көліктерін қуаттаған дрон бөлшектерін сатып алуға арналған. Былтыр жыл басында жүзеге асырылған бұл схема қаржы қызметін көрсететін мәскеулік A7 компаниясы ұйымдастырған мың оқиғаның бірі ғана, оның ішкі құжаттарын хакерлер былтыр жыл соңында желіге жариялаған" дап жазылған мақалада.

Мақала авторы Аарон Кроликтің түсіндіруінше, 2022 жылы Украинаға басып кірген Ресей әлемнің қаржы жүйесінен оқшау қалды. Шаралардың мақсаты – шетелден азаматтық және әскери мақсаттағы тауарды сатып алуды барынша қиындату еді. Бірақ A7 компаниясы шектеулерді айналып өте алды деп жазды басылым.

"Ол ресейлік компаниялардың мүддесі үшін қаражат жылыстататын, халықаралық төлем жасайтын жалған компаниялардың үнемі кеңейіп келе жатқан желісін басқарады" деп жазды NYT.

Мақала авторлары Қырғызстанның сыртқы саудасы мен банк секторындағы ұлғаю көрсеткіштеріне де назар аударады. NYT келтірген мәліметке қарағанда, коммерциялық банктердің кірісі 2021 жылы 42 млн доллар болса, 2024 жылы 354 млн долларға жеткен. Осы кезеңде қытайлық және еуропалық компаниялардың Қырғызстанға тауар тасымалдауы 8 млрд доллардан 23 млрд долларға дейін артқан.

A7 компаниясын шетелде қашып жүрген молдавалық олигарх Илон Шор Ресейдің мемлекекеттік банкінің қолдауымен Ресейде және Қырғызстанда құрған. Британдық Financial Times газеті бұған дейін осы компанияның айналымына назар аударып, A7 компаниясы жалған компаниялар мен жалған құжаттарға сүйенгенін, ал Қырғызстанның мемлекеттік органдары санкциядан жалтаруда маңызды рөл атқарғанын хабарлаған.

Бішкек реакция білдірмеді.

Өткен аптада Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясы кезінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Қырғызстан Мәскеуге санкцияны айналып өтуге көмектеседі" деген тұжырымды жоққа шығарды.

Ол Біріккен Ұлттар Ұйымына санкция енгізу бойынша айрықша құқығы берілуі керек деп санайды. Жапаров «кейбір ірі державалар өз мүдделерін көздеп, «ультиматум қояды» және санкцияны басқа егеменді елдің «ішкі ісіне араласу» құралы ретінде пайдаланады деді.

Сәуір айында Еуроодақ өзінің 20-санкция пакетінде кейбір тауарды Қырғызстанға экспорттауға тыйым салды. Олардың қатарында цифрлық станоктар мен радиожабдықтардың белгілі бір түрлері кіреді, себебі бұл өнімдер Ресейге қайта экспортталып, дрон мен зымырандар өндірісінде пайдаланылуы мүмкін.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG