АҚШ-тың Венесуэладағы операциясы салдарынан кемінде 40 адам қаза болды, арасында әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар да бар. Бұл жөнінде Венесуэланың жоғары лауазымды шенеунігіне сүйенген The New York Times басылымы жазды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп бірде-бір америкалық әскери қызметкер қаза болмағанын, бірнеше адам жараланғанын айтқан еді.
Операцияға әуе қорғаныс жүйесін істен шығару үшін 150 америкалық ұшақ қатысқан. NYT-тің жазуынша, операция 2 сағат 20 минутқа созылған. Басылым дереккөзінің айтуынша, Мадуроны АҚШ барлау басқармасының Венесуэла үкіметіндегі дереккөзінің көмегімен ұстаған болуы мүмкін. Ол дереккөз кейінгі күндері Мадуроның жүрген жерін бақылаған.
АҚШ операциясының нәтижесінде ұсталған Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Нью-Йоркке жеткізілді. АҚШ бас прокурорының айтуынша, оларға есірткі саудасына қатысты айыптар тағылған. Қазір олар қамауда.
Нью-Йорк федералдық судьясы айыптау актісін жариялады. Оған сәйкес, Мадуро мен оның әйеліне және тағы төрт тұлғаға төрт пункт бойынша айып тағылған. Арасында "ескірткі терроризмі" мен "кокаинды импорттау мақсатында астыртын сөз байласу" пунктері бар.
АҚШ қарулы күштерінің әскери операциясынан кейін бірнеше сағаттан соң Трамп "билік тиісті дәрежеде ауысқанға дейін" Венесуэланы АҚШ "басқаратынын" айтты, бірақ бұл қалай жүзеге асатынын нақтыламады.