Accessibility links

NYT: Трамп ракета жетпегендіктен Иранмен шиеленісті күшейтуден бас тартты

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп әскерилер оған Таяу Шығыста Patriot әуе қорғаныс ракеталары мен басқа да қорғаныс жүйелерінің қоры тез таусылуы мүмкіндігі жөнінде ескерткеннен кейін Иранға қарсы әскери науқанын күшейту жоспарынан бас тартты. Бұл жөнінде Ақ үйдегі дереккөздерге The New York Times басылымы жазды.

Басылымның жазуынша, министрлер кабинеті мен маңызды кеңесшілермен жиналыстан кейін осындай шешім қабылданған. Штаб жетекшілерінің ұйымдасқан комитетінің басшысы генерал Дэн Кейн Трампқа АҚШ қайта жаппай соққы жасаса, Иран бұдан да қарымта соққыны үдететінін, соның салдарынан Американың Иордания, Кувейт, Бахрейн және Араб Эмираттарындағы базаларын қорғау үшін көп қорғаныс ракетасы шығын болатынын ескерткен.

Басылым дереккөздері сонымен бірге Ақ үй "жағдай ушығып кетуі мүмкін, атап айтқанда соғысқа Парсы шығанағындағы АҚШ одақтастары да араласып, отын қымбаттап, экономикалық дағдарыс пен көші-қон күшейе түседі" деп қауіптенетінін айтқан. Бұған қоса, Америка шенеуніктері жаңа соққы Тегеранды келіссөзге оралуға мәжбүрлейді дегенге күмәнданады, ол тек Иран басшыларының бірлігін арттырады деп санайды.

The New York Times жазуынша, сәуірдің соңында Пентагон әрқайсысының құны 4 млн доллар тұратын 1200-ден астам "Пэтриот" қорғаныс ракетасын шығындаған, содан бері жағдай онан сайын ушыққан.

Трамптың соққыны әрі қарай жалғастыратыны туралы мәлімдемелеріне қарамастан Ақ үйде қазір балама сценарийлер де қарастырылып жатыр. Оны бірқатар кеңесшісі, арасында Джаред Кушнер де бар, қолдайды. Оған сәйкес, АҚШ Иранға қарсы жаппай әскери операцияның орнына экономикалық қысым мен санкцияны күшейтіп, Иранмен келіссөзді жалғастырады.

Айдар
XS
SM
MD
LG