Нью-Йорктегі Бруклин көпірінің басына шығып алып, артынан өзенге секірген ер адам – 44 жастағы Ғалымжан Абайлдаев екені анықталған. Бұл туралы Нью-Йорк полициясының мәліметіне сүйеніп, 3 тамыз күні NBC News арнасы хабарлады.
Полицияның хабарлауынша Ғалымжан Абайлдаевқа қоғамдық орында тәртіп бұзған және қауіп төндіретін әрекетке барған деген айып тағылған. Оның адвокат жалдаған я жалдамағаны белгісіз деп жазады басылым.
Жексенбі, 2 тамыз күні түстен кейін Нью-Йорктегі 143 жылдық тарихы бар әйгілі Бруклин көпірінің басына рюкзак арқалаған ер адам шығып бара жатқаны туралы хабар түскеннен кейін полиция оқиға орнына жеткен. Абайлдаев көпірдің солтүстік мұнарасының басына шығып алған. Содан кейін ол көпір астынан ағып жатқан Ист-Ривер өзеніне секірген. Ол құтқарылып, қаладағы ауруханаға жеткізілген, денсаулық жағдайы тұрақты деп хабарлады полиция.
Полиция Абайлдаев көпір басына шыққан кезде рюкзагымен бірге екі жалауы болған деп хабарлады, алайда ол қандай жалаулар екенін нақтыламады.
Ғалымжан Абайлдаев АҚШ-та қай кезден бері жүргені және қай елдің азаматы екені туралы әзірге ресми ақпарат жоқ.