Accessibility links

Нью-Йоркте бір топ қазақ саяси тұтқындарды босатуды талап етті


Нью-Йоркте бір топ қазақ саяси тұтқындарды босатуды талап етті. АҚШ, 6 желтоқсан 2025 жыл.
Нью-Йоркте бір топ қазақ саяси тұтқындарды босатуды талап етті. АҚШ, 6 желтоқсан 2025 жыл.

6 желтоқсан – былтыр Киевте қастандықтан қаза болған оппозиция белсендісі, журналист Айдос Садықовтың туған күні. Осы күні Нью-Йоркте бір топ қазақ саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, наразылық өткізді. Олар Айдос Садықовты еске алып, оның өліміне Қазақстан билігін кінәлады. Наразылардың қолында "Айдос Садықовтың өліміне кінәлілер жазалансын" деген жазуы бар плакат болды.

“Айдос Садықов сияқты алтын азаматтар бүгін бұл дүниеде болмағанмен олардың жасаған ерліктері, олардың істеген істері, артында қалған іздері қазақ халқының рухын мәңгібақи шабыттандырады. Бізді еркіндікке, азаттыққа, адам құқығына, теңдікке, туралыққа бастайды. Айдос Садықов біздің жүрегімізде мәңгі сақталады” деді АҚШ-та тұрып жатқан Серікжан Біләш наразылық кезінде.

2024 жылдың жазында Украина астанасында қастандыққа ұшыраған қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықов 13 күн ауруханада ес-түссіз жатып, есін жимастан жан тапсырды. Былтыр 18 маусымда әйелі және үш баласымен Киевте тұрып жатқан үйіне келген Садықовты көлікте отырған жерінде киллер атып кеткен.

Украина полициясы бұл қылмысқа күдікті ретінде Қазақстанның екі азаматы – Алтай Жақанбаев пен бұрынғы полиция қызметкері Мейрам Қаратаевты атады. Садықовқа қастандық жасалғаннан кейін Украинадан шығып кеткен ол екеуінің үстінен украин билігі "тапсырыспен кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғаған.

Қазақстан бас прокуратурасы Жақанбаев өз еркімен елге келіп берілді деп мәлімдеді. Кейін жергілікті жаңалық сайттары оның ешқайда кетпейтіні туралы қолхат беріп, қамаудан босап шыққанын хабарлады. Ал Қаратаев туралы ақпарат жоқ. Қазір екі күдіктінің де қайда екені белгісіз.

Марқұмның жақындары мен белсенділер Садықовтың өліміне Қазақстан билігінің қатысы бар деп санайды. Ақорда бұған дейін мұны жоққа шығарады. Белсенділер оның өліміне қатысты тергеу жылжымай жатқанын айтады. Халықаралық ұйымдар Қазақстанды қылмысты тергеуде Украинамен әріптестік орнатуға үндеген.

6 желтоқсан күнгі наразылық кезінде жиналғандар Қытайда қамауда отырған Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап етіп, қамалған тіркелмеген "Атажұрттың" өкілдерін босатуды да талап етті.

“Бұл әділетсіздік, адам құқығын таптау, Қазақстанның Ата заңын аяққа таптау. 18 азамат олар өздерінің заңды құқықтарын талап етті. Қазақстан жеріндегі Қытай экспансиясына, саяси үстемдігіне қарсы тұрды. Олар Шыңжаңдағы қудалауды әшкереледі. Олар тұтқындалуға тиіс емес” деді наразылық кезінде Серікжан Біләш.

Бұған дейін қарашада Алматы облысында Қытайда ұсталған Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап еткен 18 адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны белгілі болған еді. Кейін оларға "алауыздық қоздыру" бойынша айып тағылғаны хабарланған.

Полиция құжатында олардың "Қытай туы мен басшысының суретін өртегені", осылайша "174-баптың 2-тармағында көрсетілген әрекет жасағаны" жазылған. Ал бес адамның құқығын қорғап жатқан адвокат Шынқуат Байжанов қамауға алынғандардың іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп мәлімдеген.

"174-бапта "ту өртеу – қылмыс" деген түсінік жоқ", – деп түсіндірді ол.

XS
SM
MD
LG