АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлы Кремльге жақын, Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлевпен Қазақстанда кездесіп, бизнес жобаларды талқылаған. Бұл жөнінде “Важные истории” зерттеуіне сүйенген OCCRP жазды.
Кремлев оны «іскерлік кездесу» деп атаған.
Трамп отбасының Қазақстанда ірі экономикалық мүддесі бар. Биыл көктемде Financial Times АҚШ президентінің ұлдары – кіші Дональд Трамп пен Эрик Трамп Қазақстандағы вольфрам кен орнына қатысы бар компаниядан үлес алғанын жазған еді.
Басылымның жазуынша, кіші Трамп пен оның бауыры Эрик 2025 жылы Қазақстандағы вольфрам кен орнын игеруге қатысы бар Kaz Resources компаниясының 20 пайыз үлесіне ие болған құрылыс компаниясы Skyline Builders-тен үлес сатып алған.
Осыдан алты күн өткен соң АҚШ пен Қазақстан үкіметтері Kaz Resources инвестициялық тобына Қарағанды облысындағы ірі вольфрам кен орындарын игеруге мүмкіндік беретін келісім жариялаған. АҚШ-тың екі мемлекеттік мекемесі жобаға 1,6 млрд долларға дейін федералдық қаржы бөлу мүмкіндігін де қарастырған.
Зерттеу авторлары кіші Трамп пен Кремлевтің Қазақстандағы кездесулерінде нақты қандай мәселелер талқыланғанын анықтай алмаған. Қарағандыдағы кен орындары – вольфрам қоры бойынша әлемдегі ең ірі жер саналады. Бұл жобаға Қытай мен Ресей компаниялары да үміткер болған.
Журналистік зерттеуде Кремлевтің Ресейдегі билік өкілдерімен, соның ішінде Владимир Путиннің жеке күзет қызметінің басшысы Алексей Рубежноймен жақын байланысы бар екені айтылады. Дереккөздердің мәліметінше, Кремлев Ресейдің Ұлттық гвардиясына тиесілі көліктермен, қарулы күзетшілердің сүйемелдеуімен жүреді.
Бұған дейін Азаттық тегі тәжік әрі Кремльмен байланысы бар Умар Кремлев кіші Трамптың үйлену тойынан соң аста-төк кеш өткізгенін жазған еді.