Accessibility links

«Путин тек майор болған»


КГБ генералы Олег Калугин.
КГБ генералы Олег Калугин.

КГБ генералы Олег Калугин советтік құпия қызмет, КГБ жансыздары және бұрынғы әріптесі Владимир Путин туралы естеліктерімен бөлісті.

Азаттыққа сұхбат берген бұрынғы КГБ генерал-майоры, қазір АҚШ-та тұратын Олег Калугин 1991 жылы СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен (КГБ) кетерде Владимир Путиннің әскери шені оның өзі айтып жүргендей подполковник емес, майор болған деді.

– Оның подполковник шенін алуына шамамен әлі бір жыл уақыт бар еді, бірақ ол алып үлгермеген болатын, – деді Калугин Азаттыққа берген сұхбатында.

Ресейде «Отанына сатқындық жасады» деген айыппен 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сырттай кесілген Олег Калугин 1995 жылдан бері АҚШ-та тұрып жатыр. Ол Путиннің 1998 жылы Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) басшысы қызметіне тағайындалуын заңсыз деп санайды. «Өйткені, ереже бойынша, бұл орынға тек генерал шенді әскерилер тағайындалуы тиіс болатын» дейді ол.

СКУРАТОВТЫ БОПСАЛАУ

Калугин 1990 жылдардың соңында Ресей бас прокуроры болған Юрий Скуратовтың «жеңіл жүрісті қыздармен бірге түскені» туралы видеоны жариялауға сол кезде Путин басқарған ФСБ-ның қатысы бар дейді.

ФСБ басшысы Владимир Путин (сол жақта) Ресей президенті Борис Ельциннің қабылдауында отыр. Кремль, Мәскеу, 29 наурыз 1999 жыл.
ФСБ басшысы Владимир Путин (сол жақта) Ресей президенті Борис Ельциннің қабылдауында отыр. Кремль, Мәскеу, 29 наурыз 1999 жыл.

Скуратов Ресей президенті Борис Ельцин мен оның маңайындағы адамдардың жемқорлық әрекеттерін әшкерелейтін істі тергеп жатқан еді. «Қыздар дауынан» кейін өз басымен қайғы болып кеткен Скуратов Кремльдегі жемқорлыққа қатысты істі тоқтатуға мәжбүр болған.

– Бұл – бас прокурордың абыройын төгу мақсатында ФСБ ұйымдастырған арнайы операция, – дейді Олег Калугин.

1999 жылы шыққан әлгі видеода «бет әлпеті бас прокурорға ұқсайтын» адамның жеңіл жүрісті қыздармен жатқан сәті таспаға түсірілген. Юрий Скуратов шулы бейнетаспаны «қолдан жасалған» деп мәлімдеген.

«САЯСАТКЕР МЕН ДІНБАСЫ – КГБ ЖАНСЫЗДАРЫ»

Сұхбатында Калугин Ресейде бүкіл елге танымал белгілі саясаткер Владимир Жириновский де, Орыс православ шіркеуінің басшысы Патриарх Алексийді де «КГБ жансыздары болған» дейді.

Ресей президенті Владимир Путин (солдан оңға), Орыс православ шіркеуінің басшысы Патриарх Алексий және Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев. Кремль, Мәскеу, 22 қаңтар 2008 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (солдан оңға), Орыс православ шіркеуінің басшысы Патриарх Алексий және Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев. Кремль, Мәскеу, 22 қаңтар 2008 жыл.

Кезінде Алексий әкеймен жақын дос болған Олег Калугин оны дүйім жұртқа «КГБ жансызы» деп жариялаған соң патриархтың өзі мұны кездесуге шақырып, шіркеуді сақтап қалу үшін құпия қызмет өкілдерімен амалсыз ауыз жаласуға мәжбүр болғанын айтып түсіндіріпті.

«Орыс православ шіркеуінің шамамен үштен бірі шетелге қашып кетті, үштен бірі түрмеге, НКВД-ға түсіп, сонда қаза тапты. Қалған үштен бір бөлігі, соның ішінде мен де бармын, христиандықты және Құдайға сенімді сақтап қалу үшін бұл өкіметке икемделдік» депті Патриарх Алексий.

ҚОЛШАТЫРДАҒЫ У

КГБ-ның жоғары шенді қызметкері болған Олег Калугин, сондай-ақ 20-ғасырдағы атышулы оқиғалардың бірі – болгар жазушысы әрі диссиденті Георгий Марковқа жасалған қастандық туралы да әңгімеледі. Оның айтуынша, болгар диссидентін өлтіруге СССР КГБ-сының бастығы Юрий Андроповтың қатысы болған.

Саяси қуғынға ұшырап, Лондонда тұрып жатқан Георгий Марковты 1978 жылы Ватерлоо көпіріндегі аялдамада автобус күтіп тұрған жерінде улы қолшатырдың көмегімен өлтірген. Қолшатырды ашқан кезде оның ұшына жасырылған рицин уы бар капсула ұшып барып Марковқа тиген. Болгар диссиденті арада төрт күн өткен соң 49 жасында қайтыс болған.

Болгар жазушысы әрі диссиденті Георгий Марковқа ескерткіштің ашылуында гүл қойып жатқан адамдар. София, 11 қараша 2014 жыл.
Болгар жазушысы әрі диссиденті Георгий Марковқа ескерткіштің ашылуында гүл қойып жатқан адамдар. София, 11 қараша 2014 жыл.

Олег Калугиннің айтуынша, Андропов әу баста бұл қылмысқа жәрдемдесуді сұраған Болгария қауіпсіздік қызметінің өтінішіне бірден құлақ аспаған. Тек болгарларға ықпалынан айырылып қалам деп қорыққандықтан ғана Андропов олардың дегеніне көніп, диссиденттің көзін жоюға рұқсат берген. Совет КГБ-сы болгар әріптестеріне удың өзін жеткізіп берген, бірақ Андропов қарамағындағылардың бұл операцияға тікелей араласқанын қаламаған.

– КГБ-ның зертханасы арқылы қолшатырға бекітілген уды біз жеткізіп бердік. Удың көлемі миллиграмм ғана болды. Капсулаға салынған рицин қолшатырдың ұшына бекітілді. Қолшатыр ашылып қалғанда, капсула 3-5 метр жерге ұшып кетеді, жақын маңда тұрған адамға тигізу оп-оңай, – дейді Калугин.

Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Олег Калугиннің өзі 1993 жылы Лондонда қамауға алынған. Бірақ, ешқандай айып тақпастан оны босатқан. Ал Марковты өлтірген адамдар сол күйі табылған жоқ.

«ПУТИННІҢ ТӨҢІРЕГІНДЕ ДОСТАРЫМ БАР»

ФСБ офицері Александр Литвиненко 2006 жылғы қарашада полоний-210 уы қосылған шайды ішкен соң қайтыс болғаны белгілі. Олег Калугин осы оқиғаның қарсаңында оған «[Путиннің] жеке өмірі туралы жайттарды жаза берме» деп ескерткенін айтады.

– Бірақ ол кейін қайтыс болды, оған тым кеш ескертсем керек, – дейді ол.

Александр Литвиненконың өлімі туралы «Диссиденттің ажалы» атты ағылшын тіліндегі кітаптың мұқабасы. Лондон, 19 маусым 2007 жыл.
Александр Литвиненконың өлімі туралы «Диссиденттің ажалы» атты ағылшын тіліндегі кітаптың мұқабасы. Лондон, 19 маусым 2007 жыл.

Литвиненконың қазасынан соң да Олег Калугин Ресей президентін сынауын тоқтатқан жоқ. Калугин Путинді «арамтамақ» және «қандықол қылмыскер» деп атаған. Ол Путинді «екінші шешен соғысы кезінде жауыздық әрекеттерге барған» деп айыптайды.

«Сіз де Марковтың не Литвиненконың кебін киемін деп қорықпайсыз ба?» деген сұраққа: «Жоқ, қызым мен немерем Мәскеуде тұрады, сонда жұмыс істейді, оларға ешкім тиіспейді. Путиннің төңірегінде жақын достарым көп, бар құпия – осында» деп жауап берді Калугин.

Бірақ ол Путиннің жеке өмірі туралы ештеңе айтпайды.

– Путиннің жеке өмірі туралы сұрақ қоятындарға: «Мұны оның әйелінен сұраңдар, ол онымен отыз жыл отасқан» деп жауап беремін, – дейді Олег Калугин.

Анастасия Кириленко мен Клэр Бигтің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG