Accessibility links

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен самбошы Дәурен Есімханов өзара жанжалдан кейін қызметтен кетті

Серік Сәпиев
Серік Сәпиев

Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев қызметінен босатылды. Бұл шешім шенеунік өз орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері Дәурен Есімхановпен төбелескеннен кейін қабылданды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, Сәпиев қызметтен өз еркімен кеткен. Сол сияқты Дәурен Есімханов та басқармадағы қызметінен босатылды.

Басқарма басшысы қызметінен босатылған Серік Сәпиев Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

21 қаңтарда Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов өзара жанжалдасып қалып, аяғы қақтығысқа ұласқан.

Кейінірек Қарағанды облыстық полиция департаменті 42 жастағы ер адамның арызы негізінде денеге жарақат салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда Сәпиевтің кабинетке кіргені, содан кейін екі ер адам алысып-жұлысып қалғаны көрінеді.

Бұл оқиға спорт қауымдастығында резонанс тудырып, халықаралық деңгейде жетістікке жеткен танымал спортшылардың жанжалын жұрт әлеуметтік желіде қызу талқылады.

Кейінірек Серік Сәпиев Қарағандыда орынбасары екеуінің арасында болған қақтығыс жайлы пікір білдірді. Ол бұл жеке бастың жанжалы емес, қызмет мәселелеріне байланысты туындаған жұмыс дауының аяғы эмоцияға ерік беру салдарынан шиеленісіп кеткенін айтты. Сәпиев болған жағдай спорт саласындағы басқару мен қызметке байланысты келіспеушілікпен байланысты деп түсіндірді. Оның сөзінше, орынбасары облыстағы спорт функционерлері арасында ауыс-түйісті оған айтпай жүргізген.

Ал Дәурен Есімханов Сәпиев екеуінің арасындағы жанжалға байланысты пікірінде интернетте тараған ақпарат "болған жағдайдың объективті көрінісін толық көрсетпейді" деп мәлімдеп, "бұл жағдайды арандатқысы және қоздырғысы келетіндердің сөзіне ермеуге" шақырды.

Серік Сәпиев — 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиадада бокстан 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль алған, екі дүркін әлем чемпионы және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Үлкен спорттан кеткеннен кейін ол спорт саласында басшы қызметтер атқарып, Ұлттық сурдлимпиада комитетін басқарған, кейін Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы болып тағайындалған.

Дәурен Есімханов — джиу-джитсудан әлем чемпионы, жауынгерлік самбодан әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері, сондай-ақ World Games жарысының күміс жүлдегері.

XS
SM
MD
LG