Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путиннің шақыруымен 25 шілдеде Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбы қаласына сапармен барады деп хабарлады Ақорда. Іс-шара аясында мемлекеттер басшыларының кездесуі жоспарланған.
Кремльдің хабарлауынша, екі басшы форум басталмай тұрып бөлек кездеспек.
“Форумның пленарлық отырысы алдында Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев бөлек кездесу барысында Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайды” деп жазылған Кремльдің хабарламасында.
Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бері өтіп келеді. Ресми ақпаратқа қарағанда, биыл онда өзге мәселелермен қатар Ертіс бойында Ресей – Қазақстан – Қытай бағытында халықаралық көлік дәлізін жасау жобасы талқыланбақ. Бұған қоса, өнеркәсіп саласындағы әріптестік те сөз болмақ.
Бұған дейін Владимир Путин Қазақстанға мамырдың соңында барған. Ол кезде Ресей басшысы Астанаға мемлекеттік сапармен барып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізген. Еуразия экономика одағының Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесі отырысына қатысқан еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы рет Ресейге биыл 9 мамырда барған. Қазақстан басшысы Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған шараларға қатысып, Владимир Путинмен бөлек кездесу өткізген.